СҚО-да сайлау учаскелерінің қолжетімділігі бойынша қосымша жұмыстар басталды
Еліміздегі 9 мыңнан астам сайлау учаскесінің мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділігіне талдау жүргізілді. Нәтижесінде 1 333 учаскеде қосымша бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Қазір тиісті шаралар қолға алынды. Басты мақсат – әр адамның кедергісіз кіріп, еркін таңдау жасауына жағдай жасау.
ГРАФИКА:
Азаматтардың қажеттілігіне қарай сайлау учаскелерінде мынадай жағдайлар қарастырылады:
пандустар немесе көтергіш құрылғылар;
көмек шақыруға арналған батырмалар;
тактильді көрсеткіштер;
ені белгіленген талаптарға сәйкес келетін есік ойықтары;
жеткілікті жарықтандыру;
арнайы автотұрақ орындары;
көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы құралдар;
Брайль қарпімен жазылған ақпараттық материалдар;
ымдау тілі мамандары мен тифлосурдоаудармашылардың көмегі
Елімізде сайлауға қатысу жасына жеткен 325 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Дауыс беру күні жергілікті атқарушы органдар инватакси қызметін қамтамасыз етеді. Ал денсаулығына байланысты учаскеге бара алмайтын азаматтар белгіленген тәртіппен өз үйінде таңдау жасай алады. Сайлау учаскелерінің қолжетімділігі бойынша ең жоғары көрсеткіштер Астана мен Шымкентте тіркелген. Ал қосымша бейімдеу жұмыстары Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында қажет.
Жансая Дербисова

