Embeds for YouTube: No video/playlist ID has been supplied
[Семейде СҚО тартуы – Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды/youtube]Абай күніне орай Семейде Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды. Жаңа қоғамдық-мәдени орынды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысы салды. Бұл – ел көлеміндегі игі бастама негізінде тұрғызылып, тапсырылған алғашқы нысан. Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты. Өз сөзінде Нұрлан Маратұлы өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтауын жеткізді.
НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Солтүстік Қазақстан облысының Абай еліне жасаған тартуы – жай ғана жаңа нысан емес. Бұл – ұлы Абайға, ұлттық құндылықтарымыз бен халқымыздың рухани мұрасына деген терең құрметтің жарқын белгісі. Мемлекеттік рәміздер алаңы елдік рухты асқақтатып, өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекетке адалдық қасиеттерін қалыптастыруға қызмет етеді. Бүгінгі тарту – Ертіс пен Есілді жалғаған достықтың, Шығыс пен Солтүстікті табыстырған бауырластықтың және тұтас халқымыздың бірлігінің нышаны.
Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны және Гимнді біртұтас сәулеттік орында біріктірген алаң Семейдің жаңа қоғамдық-мәдени жеріне айналды. Аумағы 2 гектарды құрайтын нысанның орталық бөлігі диаметрі 28 метр болатын шеңбер түрінде салынған. Ерекше композицияның басты элементі – көк байрағымыз орнатылған 35 метрлік тұғыр. Ал Елтаңба мен Әнұранның мәтіні 10 метр биіктікте орналасқан. Алаң аумағында жаяу жүргіншілер жолдары бар, орындықтар қойылып, гүлзарлар абаттандырылды. Жобаның бас мердігері – солтүстікқазақстандық Miras Group компаниясы.
Байболат Култанов