Жыл басынан бері облыста 287 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 25 адам қаза тапты. Олардың 19-ы республикалық маңызы бар жолдарда жан тапсырған. Қайғылы жайттардың алдын алу мақсатында М.Жұмабаев ауданында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның аясында Булаево қаласы маңындағы жолдың ені арнайы белгілер арқылы тарылды. Осының әсерінен көліктердің жылдамдығы төмендеді.
АСАН МЕЙРАМОВ, Мағжан Жұмабаев аудандық полиция бөлімінің бастығы:
– Рейд барысында біз заң бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған жұмыстарға ерекше назар аударамыз. Жол жүру ережелерін сақтауларыңызды сұраймыз! Өздеріңіздерді және жақындарыңызды аялаңыздар! Есіңізде болсын, қауіпсіз жол – бұл біздің ортақ жауапкершілігіміз.
Полиция қызметкерлері дронның көмегімен жолдағы жағдайды бақылап, көліктерді тексерді және жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізді. Мамандар шаршаған күйде темір тұлпар жүргізуге жол берілмейтінін, жылдамдық режимін бұзудың және қарсы қозғалыс жолағына шығудың қауіпті екенін еске салды. Бұған дейін мұндай бастама Қызылжар және Мамлют ауданында қолға алынды. Рейдтік іс-шаралар мен профилактикалық акциялардың негізгі міндеті – жолдағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Аружан Султанова

