Есіл ауданындағы “Родник” балалар сауықтыру орталығы 1972 жылы ашылған. Содан 2025 жылға дейін жөндеу көрмепті. Былтыр облыстық және аудандық бюджеттен 247 млн теңге бөлініп, мұнда ауқымды жұмыс атқарылды. Демалыс орны адам танымастай өзгерді.
ТАТЬЯНА АБДУЛОВА, “Родник” балалар сауықтыру орталығының директоры, Есіл ауданы:
– Былтыр орталықтың асханасы мен балалар жататын 8 корпусы күрделі жөндеу көрді. Жаңадан қондырғылар мен төсек-орындар әкелдік. Сапалы интернет желісі жетті. Осының барлығы жеткіншектер мен жасөспірімдердің көңілінен шықты. Қазіргі таңда алаңсыз демалуда.
Татьяна Абдулованың сөзінше, биыл орталықтың мәдени-сауықтыру кешенінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, медициналық пункттің іші жаңартылыпты.
ТАТЬЯНА АБДУЛОВА, “Родник” балалар сауықтыру орталығының директоры, Есіл ауданы:
– Ағымдағы жылы орталықтағы балалар алаңын жаңарттық. Жаңадан әткеншектер қойдық. Сонымен қатар, мекеменің кіреберіс аймағын жөндедік. Айта кетейін, биылғы атқарылған маңызды іске 17 млн 200 мың теңге бөлінді.
Қазіргі таңда мұнда 100-ге жуық бала демалуда. Ұйымдастырушылар олардың бойына ұлттық құндылықтарды, заң мен тәртіпті және тазалық мәдениетін сіңіру үшін күш салуда. Сонымен қатар, өңіріміздің мен Ақмола облысының көрікті жерлерін аралатады. Тарихи-мәдени орындарға апарады. Асыр-салып ойнап жүрген балалармен тілдестік. Олардың барлығы орталықтағы демалыс көңілден шығып жатқанын жеткізді. Айта кету керек, 2 айдың ішінде “Родник” балалар сауықтыру орталығында 500-ге жуық бала демалған.
Нурасыл Ахмет