“Таза Қазақстан” акциясы аясында Бескөл ауылының саябағында кезекті сенбілік өтті. Жастар ресурстық орталығы мен құқық қорғау органдары бірлесе ұйымдастырған шараның өзіндік ерекшелігі бар. Жұртшылық серуендейтін, балалар ойнайтын жерді тазалауға бұрын заңның ала жібін аттаған тұлғалар да қатысты.
БАУЫРЖАН МУСИН, Бескөл ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
– Іс-шараның басты мақсаты – ауылды абаттандыру. Бұл істен ешкім қалыс қалмауы тиіс. Әркім жауапкершілікпен қарауы қажет. Бүгін кезекті мәрте бас қосып, төңіректі тазартып жатырмыз. Бірліктің арқасында аумақ тазарып та қалды. Бұндай жұмыс жаздың соңына дейін жалғасады.
Нақтырақ тоқталсақ, тазалық шарасына 50-ге жуық адам қатысты. 15-і – “Жасыл ел” жасағының сарбаздары, тағы 15-і – пробациялық есепте тұрған азаматтар, ал қалған 14-і – Ольшанка ауылындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан жандар. Олар арнайы орындықтарды бояды, шөп жұлды, аумақты сыпырды, қоқыстарды жинады.
АНДРЕЙ БАЛАНДИН:
– Сенбілік аясындағы жұмыстарға белсенді түрде қатысып жатырмыз. Қоқыс көп емес, бірақ баршылық. Соларды жинаудамыз. Жастарға айтарым, табиғатқа қамқорлықпен қарау керек. Әр күнімізді, әр тамаша орынды бағалау қажет.
Ал жас белсенділер бұндай бастамаларды қуана-қуана қолдайды. Альмира Елубаева осындай акциялар адам бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінде зор ықпалын тигізеді деп санайды.
АЛЬМИРА ЕЛУБАЕВА, волонтер:
– Жастарға айтарым, “Таза Қазақстан” қағидатын одан әрі ұстану және дамыту керек. Себебі, табиғат біздің келешек ұрпаққа берілетін мұра болып табылады.
“Таза Қазақстан” – айнала жиналатын ғана емес, қаптарға салынған қоқыс кәдеге жаратылатын бастама. Акция қатысушылары жиналған қалдықтарды пайдаға жарату үшін арнайы ұйымдарға тапсырады.
Аружан Султанова