Қоғам

Түркия мен Ресейде білім алатын курсанттар ант қабылдады

Петропавлда Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Академиясы арқылы Түркия мен Ресейдегі жоғары оқу орындарына түскен курсанттар ант қабылдады. Тепсе темір үзетін жігіттер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған. Олар 1 ай облыс орталығындағы полигонда жауынгерлік даярлықтан өтіп, 4 кезеңнен тұратын іріктеуге қатысқан. Нәтижесінде 23 болашақ офицердің бағы жанды.

МАРЖАН ТАЛАПКЕР, ҚР Ұлттық ұланы Академиясы баспасөз қызметінің бастығы:
– Курсанттар Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасының жетекші жоғары әскери оқу орындарында білім алады.

 

Болашақ офицерлердің қатарында Ералы Берденов те бар. Ол Алматы қаласындағы “Арыстан” әскери лицейін тәмамдаған. Енді Түркияның Анкара қаласында 5 жыл білім алатын болады. Оның таңдаған бағыты – жаяу әскер офицері.

ЕРАЛЫ БЕРДЕНОВ, талапкер, Алматы қаласы:
– Мен үшін Түркия елінің жоғары әскери оқу орнына түсу – үлкен жауапкершілік. Жолым болғанына қуанып тұрмын.

Айта кетейік, курсанттар Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Академиясы арқылы Түркия, Ресей, Беларусь және Қытайдың жоғары әскери оқу орындарында тегін білім ала алады.

Улан Ыдырыс