Қоғам

Полицейлер спартакиадада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті

6-8 тамыз күндері Мамлют ауданында “Жастар” облыстық спартакиадасы өтті. Салтанатты шараны тамашалауға өңірдің түкпір-түкпірінен 1500-ге жуық адам жиналды. Сонымен қатар, сайысқа қатысушы 600-ден астам спортшы бар. 3 күнге созылған спорттық дода ойдағыдай өтуі үшін Мамлют ауданының полицейлері аянбай тер төкті. Қоғам тыныштығы мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Шенділер спорт нысандарында, қонақ үйлер мен адам көп жиналатын орындарда тәулік бойы кезекшілік атқарды.

МАХАББАТ ШӘЙКЕНОВА, СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы:
– Биыл СҚО-да 44 зорлық-зомбылық фактісі тіркелді. 2024 жылдың 16 маусымынан бастап ұрып соғу, денсаулыққа қасақана зиян келтіру – қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Енді заңның ала жібін аттаған жандар айыппұлды төлеп қана қоймай, заңға сәйкес жауапқа тартылады. Қамауға алу және бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Спартакиада барысында полиция қызметкерлері волонтерлермен бірге акция да өткізді. Оның аясында тұрғындарға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балалар жарақатының және жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары “Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық науқаны аясында тұрғындар мен қонақтарға Telegram мессенджеріндегі “TazaQazBot” туралы айтып берді. Ол арқылы заңсыз қоқыс орындарын, көшелердегі шамдардың жанбауы сынды мәселелерді хабарлауға болады. Ол үшін суретке түсіріп, нақты мекенжайды көрсетіп, хабарлама жіберу жеткілікті. Ақпарат дереу полиция қызметкерлеріне, жергілікті атқарушы органдарға, экологтар мен прокурорларға жолданады.

Аружан Султанова