Петропавлда “Абай – дана, Абай – дара” атты облыстық байқау өтті. Шығармашылық шараға өзге ұлт өкілдері қатысты. Ұлы ақынның еңбектері арқылы мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап, қазақ әдебиетіне деген қызығушылықты арттыруға бағытталған сайыста кемеңгердің өлеңдері оқылды.
ОРАЛ ЖАНАТҰЛЫ, СҚО тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары:
– Шараға қатысушыларға жас ерекшелігі бойынша шектеу қоймадық. Бүгінгі қатысушылардың ең кішісі – 7 жаста болса, ең үлкені – 40 жаста. Байқауға қатысуға көп өтініш түсті. Солардың ішінен іріктеу жүргізіп, 30 адамды таңдап алдық. Оларға қойылған ең басты талап – тіл тазалығы.
Қатысушылар Абайдың әртүрлі тақырыптағы шығармаларын таңдаған. Ақынның әр туындысында білім, еңбек, адамгершілік пен ерлік мәселелері кеңінен қозғалатыны мәлім. Сондықтан өнерпаздар өлеңді жатқа оқумен қатар, оның мазмұны мен мағынасын тыңдарманға жеткізуге тырысты.
АЛЕКСАНДР ШЕЛЕСТ, қатысушы, Петропавл қаласы:
– Мен Абайдың 30-ға жуық өлеңін білемін. Бүгінгі байқауда оның “Қыс” өлеңін жатқа оқитын боламын.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға жүлделер табысталды. Бас жүлде иегері – 100 мың, бірінші орын – 80, екінші – 60, ал үшінші сатыдан көрінген қатысушы 40 мың теңгемен марапатталды. Сонымен қатар, бақ сынаушылар арасында 2 арнайы номинация бойынша да үздіктер анықталды. Оларға 25 мың теңгеден табысталды.
Жансая Дербисова