Қазақтың біртуар перзенті, ағартушы Абай Құнанбайұлының дүние есігін ашқанына – 181 жыл. Осыған орай теріскейліктер Абай мен Пушкин ескерткішінің маңына жиналды. Әлем мойындаған бас ақынды еске алу, құрметтеу – басты міндет. Жерлестеріміз композитордың шығармашылығы мен өмір жолын ешқашан ұмытпайды. Солтүстікқазақстандықтар дәстүрге сай ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты.Дәстүрлі шараға еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін келіп, Абайдың рухына тағзым етті. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың сөзінше, былтыр өңірдегі алтын қорға ақын жайлы құнды құжат тапсырылған.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Былтыр Уәлиханов ауданының тұрғыны үйінде жатқан өлеңдер жинағын архивке тапсырды. Ондағы туындылар арабша жазылған. Бірден аудардық. Сөйтсек, бұл Абай атамыздың көзі тірісінде жарық көрмеген өлеңдер жинағы екен.
Ұлы ойшылдың мұрасы тәлім-тәрбиеге толы. Әр өлеңінде теңізден терең, таудан биік өнеге жатыр. Бұл сөзімізбен жас ақын, журналист Алмагүл Тастанова толық келіседі. Нәзікжандының Абай өлеңдерін жаттап жүргеніне 10 жылдан асыпты.
АЛМАГҮЛ ТАСТАНОВА, журналист:
– Абайдың философиялық пайымдары жанға тыныштық сыйлайды. Оның әр өлеңі маған шабыт береді.
Еске салайық, Абай күні 2020 жылдан бері хакімнің әдеби мұрасын, өлеңдері мен қара сөздерін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында Үкімет қаулысымен атап өтіліп келеді.
Нурасыл Ахмет