Абай күніне орай облыс орталығында ұлы ойшылдың мұрасын дәріптеуге арналған “Абай оқулары – даналыққа жол” атты марафон өтті. Тағылымы мол шараны Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және “Әткеншектер әлемі” ойын-сауық саябағы бірлесіп ұйымдастырды.
ДИАНА ЕРСАЙЫНОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім жетекшісі:
– Бүгінгі марафонға 35 бала жазылды. Осындай шаралар көп болу керек. Абайды білу керекпіз, Абайды дәріптеу керекпіз. Әр адам Абайдың қара сөздерінен алынған тағылымды күнде өмірінде қолданады деп ойлаймын.
Марафонға қатысушы 7 мен 17 жас аралығында ұл-қыздар көпшіліктің көңілінен шықты. Олар Абайдың өлеңдері мен шығармаларын қазақ және орыс тілінде мәнерлеп оқыды. Үстеріне ұлттық киім кигендер сахнаның сәнін келтірді. Лейла Салмұқанова – дарынды жастың бірі. Абайды ерекше құрметтейтін жасөспірім ұлы ақынның біршама өлеңін жатқа біледі.
ЛЕЙЛА САЛМҰҚАНОВА, қатысушы:
– Бұл байқауға алғаш рет қатысып отырған жоқпын. Бұл – ұлы ақын Абайға деген құрметімнің бір белгісі. Әр адам Абайды бағалауы керек.
Байқау соңында қатысушылардың өнерін қазылар бағалады. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге “Әткеншектер әлемі” ойын-сауық саябағы атынан сыйлықтар табыс етілді.
Жансая Дербисова