Петропавлда өңірдің экономикалық әлеуетін дамытуға арналған халықаралық инвестициялық форум өтті. Шараға кәсіпкерлер, инвесторлар мен шетелдік серіктестер қатысты. Олар алқалы жиын барысында инвестициялық жобалар мен өзара ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Айта кету керек, шара облыстың 90 жылдығына орай өткізіліп отыр. Форумның шымылдығын ашқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың теріскейліктерге жолдаған құттықтауын оқып берді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ырысы мол, ынтымағы жарасқан қастерлі өлке. Қазір аймақ экономикасы қарқынды дамып жатыр. Азаматтардың қажырлы еңбегінің арқасында өңір өркендеу жолына түсіп, көптеген жетістікке қол жеткізуде.
Форумда өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Энергетика, көлік, цифрландыру және тұрақты даму салалары бойынша өзекті мәселелер көтерілді. Ең бастысы, аймаққа шетелдік инвесторларды тартуға баса назар аударылды. Қытайлық «Famsun» компаниясының вице-президенті Дилан Не мырзаның жергілікті инвесторларға ұсынары көп.
ДИЛАН НЕ, «FAMSUN Co., Ltd» компаниясының вице-президенті, ҚХР:
– Компания ауыл шаруашылығы, мал азығы және азық-түлік өнеркәсібіне арналған жабдықтар шығарады. Тауарларымызды әлемнік түкпір-түкпіріне экспорттаймыз. Біз салынатын кешендерді жобалаудан бастап оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге, орнатуға, іске қосуға және техникалық қызмет көрсетуге дейінгі толық кешенді қызмет ұсынамыз. Болашақта Қазақстанда өз филиалымызды ашқымыз келеді.
Өткен жылы облыста 600 млрд теңгенің 50-ге жуық инвестициялық жобасы жүзеге асқан. Осыған қарап өңірімізде инвестицияға ерекше көңіл бөлінетінін байқауға болады.
ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
– Биыл 700 млрд теңгенің 60-тан астам инвестициялық жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті еселеп арттырғымыз келеді. Сол мақсатта бүгінгі форумды ұйымдастырдық. Шараға 200-ден астам шетелдік инвестор келді. Олар бірнеше күн бойы өңірімізбен танысады, әлеуетін көреді.
Шара аясында шетелдік кәсіпкерлер мен облыстық әкімдік арасында 20-дан астам меморандумға қол қойылды. Болашақта жүзеге асатын тың жобалардың құны трлн теңгеден асып жығылады. Шара соңында облыс әкімі мен шетелдік инвесторлар Оқушылар сарайының алдында жайылған көрмемен танысты.
Нурасыл Ахмет

