Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда арнайы инвестициялық тур ұйымдастырылды

“Qyzyljar Investment Forum-2026” халықаралық инвестициялық форумы аясында алыс-жақын шетелден әрі еліміздің түкпір-түкпірінен келген іскер жандарға Петропавл қаласының өндірістік алаңдары бойынша инвестициялық тур ұйымдастырылды. Бір күн ішінде олар түрлі саладағы жеті кәсіпорынды аралады. Қонақтар ең бірінші болып теміржол жылжымалы құрамын өндіру және жөндеумен айналысатын «ЗИКСТО» зауытында болды. Мұнда қонақтарға цехтардың жұмысы көрсетіліп, өндірісті автоматтандыру жүйесі таныстырылды.

НИКОЛАЙ ПРИХОДЬКО, “ЗИКСТО” ЖШС өндіріс жөніндегі директоры:

– Бұл цехта роботтандырылған дәнекерлеу технологиясы енгізілген. Қазір мұнда ондай үш кешен жұмыс істейді. Яғни, вагон рамаларын толықтай роботтар дәнекерлейді. Соның нәтижесінде өндірісті 100 пайызға арттыруға мүмкіндік алдық. Келесі жылы жартылай вагондар, цистерналар, жабық вагондар және хоппер-вагондарды құрастыруды жоспарлап отырмыз.

Келісі болып қонақтарға “Зеленый север” серіктестігінің жұмысы таныстырылды. Бұл заманауи жылыжай кешені жыл бойы көкөніс өндіруге мүмкіндік береді. Отандық әрі шетелдік бизнес өкілдері өскін егуден бастап өнім жинауға дейінгі процесті тамашалай алды. Бұл жоба теріскейде көкөніс өндірісін дамытуға және импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жылыжай кешенінде өсімдік тамырларына көмірқышқыл газы мен көміртек жеткізудің заманауи технологиялары қолданылады. Бұл өсімдіктердің тез өсіп, өнімінің мол болуына септігін тигізеді.

БАҚЫТ МУХАМЕДИЯ, “Зеленый север” ЖШС агрономы:
– Бұл жылыжай кешенінің негізгі айырмашылығы жайлы айттым. Оның өзінің ішкі жүйесі бар.

Бұдан кейін делегация “Nord Panels” компаниясына бет бұрды. Бұл – кәсіпорын шетелдік инвесторлардың қолдауымен жүзеге асқан жоба. Серіктестік ламинатталған фанера мен ағаш жоңқалы тақталар шығарады. Жобаға 8 млрд теңге инвестиция тартылып, 119 жаңа жұмыс орны ашылған. Зауыт жылына 50 мың текше метрге дейін өнім өндіруге қауқарлы.

АЙВАЗ БАКИРОВ, “Nord Panels” ЖШС бас директоры:

– Жобаны өткен айда ғана іске қостық. Қазір “Самұрық-Қазына” қоры және құс фабрикаларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жалпы, жыл сайын шамамен 2 млн паллетке сұраныс бар. Біздің бір паллеттің бағасы қосылған құн салығымен бірге 3,5 мың теңгені құрайды. Ал термиялық өңдеуден өткен еуропаллеттің құны 6-8 мың теңге аралығында.

Кәсіпорындарды аралаған форум қатысушылары өндіріс барысында қолданылатын технологияларға оң бағасын берді.

Улан Ыдырыс