Kurultai banner mobile

Қоғам

Құрылысшылар құрметке бөленді

Құрылыс саласы ел экономикасына айрықша серпін береді. Ал құрылысшылардың еңбегінің арқасында түрлі тың жобалар жүзеге асып жатыр. Оған өңірде бой көтерген түрлі зәулім ғимараттар дәлел. 2 күннен кейін қажымас қайрат иелері төл мерекелерін атап өтеді. Мейрам қарсаңында жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің қабырғасында ауқымды жиын өтті. Шара шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов ашты.

НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Құрылыс – зор жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап ететін мамандық. Сіздердің арқаларыңызда тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар тұрғызылуда. Облыстың дамуына зор үлес қосып келесіздер.

Мектеп, балабақша, жолдар, тұрғын үйлер мен зауыттар. Облысымыз күн сайын гүлденіп жатыр. Шара барысында саланың дамуына зор үлес қосып жүрген жандар түрлі марапатқа ие болды. Оның арасында “Петропавлспецкоммунстрой” серіктестігінің басшысы Евгений Карабельников те бар. Бүгін оған облыс әкімі атынан “Алғыс хат” табысталды.

ЕВГЕНИЙ КАРАБЕЛЬНИКОВ, “Петропавлспецкоммунстрой” ЖШС директоры:
– Біздің компания инженерлік желілерді салумен және жөндеумен айналысады. Елдегі барлық қалаларға қызмет көрсетеміз. Құрылыс саласына 25 жыл өмірімді арнадым. Қарапайым маман болып бастап, басшылық қызметке дейін өстім. Алдағы уақытта да ел дамуына зор үлесімді қосқым келеді.

Айтулы жиында 40-қа жуық адам құрметке бөленді. Шараның жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде өтуі тегіннен тегін емес. Оқу орны жыл сайын 100-ге жуық маман даярлап шығарады.

 

Жансая Дербисова