Есіл ауданындағы “Родник” балалар сауықтыру орталығында “Заң және тәртіп” қағидаты аясында шара өтті. Тағылымы мол жиынды аудандық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырды. Мамандар балаларға интернет алаяқтық, құқықтық сауаттылық жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, шарада Конституция жайлы да сөз болды.
МАХАББАТ САМРАТ, Есіл ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы:
– “Родник” балалар сауықтыру орталығында “Заң және тәртіп” қағидаты аясында бірнеше шара өткіздік. Мұнда полицейлер мен прокуратура қызметкерлерін шақырттық. Олар ұл-қыздарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Балалар қазір бәрін тез қабылдайды. Сондықтан осы бастан барлығын миларына құя беруіміз қажет.
Шара аясында ұл-қыздар викторина ойынына қатысты. “Заң және тәртіп” қағидаты бойынша сұрақтарға жауап берді. Аталған тақырыпта түрлі суреттер салды. Дараланғандарына ұйымдастырушылар тәтті сыйлықтар табыстады. Бүгінгі жиынның ең белсендісі қатысушы болып Арсен Ысқақов танылды.
АРСЕН ЫСҚАҚОВ, “Родник” балалар сауықтыру орталығының демалушысы, Есіл ауданы:
– Ұйымдастырушылар қойған сұрақтардың барлығына дұрыс жауап бердім. Себебі, мектепте “Заң және тәртіп” қағидаты аясында бірнеше шара өтті. Бүгін алған білімім өмір бойына азық болады деп ойлаймын. Осы сияқты шаралардың жиі өткенін қалаймын.
Қазіргі таңда “Родник” балалар сауықтыру орталығында 100-ден астам бала демалып жүр. Мекеме жаз басынан 500-ге жуық ұл-қызды қабылдаған. Қызметкерлері жеткіншектердің бойына ұлттық құндылықтарды, заң мен тәртіпті және тазалық мәдениетін сіңіру үшін бар күштерін салған.
ТАТЬЯНА АБДУЛОВА, “Родник” балалар сауықтыру орталығының директоры, Есіл ауданы:
– Өзіміздің арнайы бағдарламамыз бар. Соның аясында орталыққа құқық қорғау органдарының өкілдерін, төтеншеліктер мен санитарларды шақырамыз. Сонымен қатар, өңір мен Ақмола облысының көрікті жерлерін аралатамыз. Тарихи-мәдени орындарға апарып, экскурсия жүргіземіз. Балалар үшін демалыс өте пайдалы өтіп жатыр деп айта аламын.
Айта кету керек, жыл басынан Есіл ауданында “Заң және тәртіп” қағидаты аясында 100-ге жуық шара өткен.
Нурасыл Ахмет

