Қазақстан жаңалықтары

Ақмола облысында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға қайтарылған активтер қаражаты есебінен 1,4 млрд теңге бөлінді

Президенттің заңсыз иемденілген активтерді қайтару және оларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін пайдалану жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Ақмола облысында сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Арнаулы мемлекеттік қордан Үкімет осы мақсаттарға 1,4 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Бөлінген қаражаттың келесі бір бөлігі Щучинск қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін кешенді түрде жаңартуға жұмсалады. Атап айтқанда, магистральдық су құбыры желілерінің төртінші кезегін салу және реконструкциялау, су бұру нысандары мен желілерін жөндеу, сондай-ақ кварталдар ішінде кәріз тарту жоспарлануда.

Жобаларды жүзеге асыру желілердің апаттылығын төмендетеді. Сонымен қатар, судың қажетті көлемін беру және ағынды суларды бұру жүйеге жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік және туристік нысандарды қосуға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірге инвестиция тарту үшін де жағдай жасайды.

Бұл шаралар жалпы алғанда Щучинск қаласы мен Бурабай ауданын одан әрі дамыту үшін коммуналдық тұрғыда заманауи негіз қалыптастырады. Жаңа және реконструкциядан өткен желілер тұрғындардың, әлеуметтік мекемелердің және балаларды сауықтыру орталықтарының жағдайын жақсартады, сондай-ақ жаңа нысандар салу үшін қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.

2024 жылдан 2026 жылға дейінгі аралықта Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Үкімет жалпы сомасы 610 млрд теңге болатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Оның ішінде жалпы сомасы 226,5 млрд теңге болатын 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Дереккөз: Ақмола облысында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға қайтарылған активтер қаражаты есебінен 1,4 млрд теңге бөлінді