Kurultai banner mobile

Қоғам

Ақ халатты абзал жанға тағзым

Бүгін Петропавлда білікті дәрігердің құрметіне ескерткіш стенд орнатылды. Зәуреш Рахимберлина №3 көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасында 40 жылға жуық еңбек еткен. Салтанатты рәсімге марқұмның бауырлары, жолдастары мен әріптестері қатысты.

АЙДАР РАХИМБЕРЛИН, Зәуреш Рахимберлинаның інісі:
– Медицина саласында білімін ұштап, жоғары деңгейге көтерілген дәрігердің бірі болды. Өз ісінің майталман маманы болды деп айтуға болады. Мыңдаған адамның дертіне шипа тауып, алғысына бөленген адам еді. Ұлағатты ана, балапандарын жетілдірген, арманына жеткен адам. Жастайынан осы аурухананың терапия бөлімінің басшысы болып істеді.

Зәуреш Әлімқызы 1962 жылы Шал ақын ауданындағы Социал ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының “Емдік ісі” факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 86-шы жылы туған өңірінде учаскелік терапевт болып бастаған. 89-дан бері аталған емдеу орнында еңбек еткен екен.

ЖАННА МАУЫТОВА, №3 көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасының директоры:
– Зәуреш Әлімқызы кеңпейілді, өте білімді кісі болды. Өз ісінің маманы. Әрдайым білім алуға құштар болатын. Науқастармен тез тіл табысатын. Адамға диагнозды дертін мұқият зерттеп-зерделеп барып қоятын. Бүгінде ұлы Самат Есләмбекұлы анасының жолын жалғастырып отыр. Әріптесіміздің құрметіне орнатылған ескерткіш стендтің біз үшін маңызы зор.

Жиналған қауымның өз парызын адал атқарған ақ халатты абзал жанға алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейді. Зәуреш Әлімқызы жастармен тәжірибе бөлісуде аянып қалмаған. Бірнеше шәкірт тәрбиелеп, бағыт-бағдар нұсқап отырған. Бүгінде ізбасарлары – абыройлы маман, білікті басшы.

Аружан Султанова