ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– Халықты ауыз сумен қамту – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыратын маңызды қадамдардың бірі. Бүгінде теріскейде бұл мәселені шешуге бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы арнаулы мемлекеттік қордан Преснов және Соколов топтық су құбырларын реконструкциялауға 2,7 млрд теңге бөлінді. Жоба жүзеге асса, Преснов топтық су құбыры арқылы Есіл, Мамлют және Жамбыл аудандарындағы 43 елді мекенде тұратын 34,5 мыңға жуық тұрғынды сумен қамту сапасы артады. Бұл – ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам.
Теріскейдегі ауылдарды сумен қамтуға қайтарылған активтер есебінен бөлінген қаржы 59 шақырым тарату желісі мен 77 шақырым ауылішілік су желісін салуға бағытталады. Преснов және Соколов су құбырларын пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Нәтижесінде жүйенің сенімділігі артып, су тасымалдау кезіндегі шығындар қысқарып, елді мекендердің тұрғындарына ауыз суды жеткізу сапасы жақсарады.
ЖАНДОС СӘЛІМОВ, ҚР су ресурстары және ирригация вице-министрі:
– Қазіргі уақытта облыста 171 шақырым магистральдық су құбыры мен тарату желілері, сондай-ақ, 46 шақырым ауылішілік су желілері тартылды. Сонымен қатар, Мамлютка қаласында Новомихайловка және Явленка ауылдарында су қысымын қамтамасыз етуге арналған қысым реттегіш құрылыстарын салу және жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында еліміздегі ең ұзын топтық су құбырлары желісі орналасқан – оның ұзындығы 3 мың шақырымнан асады және жалпы саны 175 мың адам тұратын 229 ауылды сумен қамтамасыз етеді. 2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қордан аталған инфрақұрылымды дамытуға 45 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл 48 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді.
Улан Ыдырыс

