Петропавлда “Тәуелсіздік ұрпақтары” гранттар конкурсының қорытындысы шығарылды. Бұл байқау Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет ұйымдастырылды. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген 30 жасқа дейінгі 70-тен астам қатысушы бақ сынады. Байқау қорытындысы бойынша 6 қатысушы жеңімпаз атанып, әрқайсысы 500 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болды.
ТИМУР ӘЛЖАНОВ, “Қазақстанның болашағы үшін” ҚБ жоба менеджері:
– Бұл грант облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Байқау ғылым, кәсіпкерлік, мәдениет, волонтерлік, медиа және ақпараттық технолгиялар бағыттарын қамтиды. Ұсынылатын жоба Солтүстік Қазақстан облысында бұрын жүзеге асырылмаған, тың әрі инновациялық болуы тиіс. Қатысушылар өз жобасын ұсынып, біз оларға барлық кезеңде кеңес беріп, бастамаларын сәтті жүзеге асыруға қолдау көрсетеміз.
“Тәуелсіздік ұрпақтары” грантының иегерлері қатарында Дариға Смаилова да бар. Оның жобасы үздіктердің қатарынан көрініп, қаржылай қолдауға ие болған. Белсенді жастың айтуынша, жоба осы жылдың сәуір айында бастау алып, қазіргі таңда сәтті жүзеге асырылып келеді.
ДАРИҒА СМАИЛОВА, “Тәуелсіздік ұрпақтары” грантының иегері:
– “Экобастау – қаламыздың оқушыларына арналған экологиялық жоба. Біз оны жүзеге асыруды бастадық. Жоба аясында бірнеше кездесу мен қызықты іс-шаралар өткіздік. Оның ішінде экотренингтер, “ЭкоМафия” танымдық ойыны, гүл отырғызу акциялары және басқа да экологиялық бағыттағы іс-шаралар жүзеге асырылды.
Шара концерттік бағдарламамен қорытындыланып, қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Мұндай бастамалар жастардың идеяларын қолдап қана қоймай, оларға өз жобаларын жүзеге асыруға және өңірдің қоғамдық дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді.
Жансая Дербисова

