Kurultai banner mobile

Қоғам

СҚО-да Орталық Азиядағы ең ірі сауу қондырғысы бар мегаферма іске қосылды

Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін 120-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Жалпы, заманауи ферма – сүтті мал шаруашылығының озық әлемдік стандарттарына сәйкес ұйымдастырылған жаңа жоғары технологиялық нысан. Инвестиция көлемі 30 млрд теңгені құрайды. Мұндағы «Карусель» үлгісіндегі сүт қондырғысы арқылы бір мезетте 100 сиыр саууға мүмкіндік бар.

ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВ, “СК АГРО 2050” ЖШС тауарлы-сүт фермасының басқарушысы, М.Жұмабаев ауданы:
– Ферманы жобалау кезінде басты назар малдың жайлылығына назар аударылды. Қолайлы жағдай жасаудың арқасында сиырлар күйзеліске ұшырамайды. Сауу алаңына жақсы күйде келеді. Бұл сүт көлемінің артуына ақпал етеді. Қондырғы толықтай автоматтандырылған. Сиырлар сауу алаңына айдау жүйесі арқылы келеді. Әр 7 минут сайын келесі топтағы мал автоматты түрде сауынға бағытталып отырады.

Жыл басынан бері фермаға Германиядан әуе көлігімен 550-ден астам асыл тұқымды ірі қара жеткізілді. Жыл соңына дейін Еуропа елдерінен тағы 660 бас мал әкелу жоспарланып отыр. Өңір басшысы мегаферманың өндірістік әлеуетіне жоғары баға берді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жоғары технологиялық сүт кешендерін дамыту ісі бойынша жұмыстар бүгінде елімізде сәтті іске асып жатыр. Әсіресе, өңіріміздегі заманауи тауарлы-сүт фермаларын салудағы озық тәжірибесі республикаға кеңінен таралып, агроөнеркәсіпті қолдаудың ең тиімді үлгісіне айналды. Қазіргі уақытта облыстағы 118 сүт-тауарлы ферманың 50-ден астамы «ақылды» кәсіпорын форматында жұмыс істейді. Жалпы, сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында өңірде жалпы құны 144,5 млрд теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Улан Ыдырыс