Петропавлда жасөспірімдер арасында велоспорттан республикалық жарыс өтіп жатыр. Петропавл, Қостанай, Қарағанды мен Астананың намысын қорғау сынына түскен спортшылар Архангельское-Новокаменка тасжолында бақ пен бап сынауда. 5 күнге созылатын жарыстың бүгін – 2-ші кезеңі.
АЛЛА ВИННИКОВА, жарыстың бас хатшысы
– Жарысқа 13-14 жастағы балалар қатысып жатыр. Жас велоспортшылар кеше 40 шақырымды жүріп өтті. Бүгін 50 км аралықты бағындырса, ертең тағы 40 км-ді еңсеруі тиіс. Содан кейін жасөспірімдер 10 шақырымдық жеке веложарыста бақ сынайды. Республикалық жарыс Бәйтерек, Соколовка, Новокаменка, Архангельское және әуежай бағытындағы жолдарды қамтиды.
Жарысқа барлығы 65 велошабандоздан тұратын 11 команда қатысуда. Олардың қатарында 12 қыз бар. Доданың қорытындысы бойынша 1-ші орынды астаналық Артём Сологуб қанжығасына байлады. Ол 50 шақырымды 1 сағат 22 минут ішінде еңсеріп, мәреге екінші орын иегерінен 6 секундқа ерте жеткен.
АРТЁМ СОЛОГУБ, жарыс жеңімпазы, Астана қаласы:
– Бүгінгі жарыс қиынға соқса да жеңіске жету үшін бар күшімді салдым. Бір әттегені, жолдың ой-шұңқыры көп. Жүйткіп келе жатқанда алдыңнан шыққан кедергіні лезде айналып өту қажет. Соңында үш адам болып келе жаттық. Мәреге бірінші болып жеткеніме әлі сене алар емеспін.
Еске сала кетейік, дүбірлі дода солтүстікқазақстандық велоспортшы Алексей Мартыновичті еске алу мақсатында ұйымдастырылды. Доданың басынан соңына дейін тәртіп сақшылары жол жүру ережелерінің сақталуын қадағалап, жарыс қатысушыларын алып жүрді.
Аружан Султанова

