Kurultai banner mobile

Қоғам

Облыста биыл 15 нысанның қолжетімділігі тексерілді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүмкіндігі шектеулі адамдар мен халықтың өзге де жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Аталмыш бағыттағы жұмыстар теріскейде де қолға алынған. Мәселен, биыл мемлекеттік бақылау аясында облыста жоспарланған 15 нысанға профилактикалық бақылау жүргізілді. Бұдан бөлек азаматтардың өтініші негізінде жоспардан тыс 2 тексеру өтті.

ГАУХАР ЛЕСБЕКҚЫЗЫ, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:
– Тексеру қорытындысы бойынша 27 заңбұзушылық анықталып, оларды жою туралы 14 нұсқама берілді. Берілген нұсқамалардың орындалуы – департаменттің тұрақты бақылауында.

Биыл елімізде 600-ден астам нысанға тексеру жүргізілді. Оның ішінде 205-і жоспардан тыс, 291-і профилактикалық бақылау аясында, ал 113-і прокуратураның талабы бойынша өткізілді. Нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 394 нұсқама берілді. Заң талаптарын сақтамаған тұлғаларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылып, жалпы сомасы 47,4 млн теңгеден асатын 200 әкімшілік айыппұл салынды.

 

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
Мен тұрған бұл пандус та арнайы талаптарға сай болуы керек. Яғни оның еңісі тым тік болмауы, ені жеткілікті болуы, ал тұтқалары мен қауіпсіздік элементтері дұрыс орналасуы қажет.

Сонымен қатар, елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында интерактивті қолжетімділік картасы жұмыс істейді. Бұл электронды платформада әлеуметтік және қоғамдық нысандардың қолжетімділігі туралы мәліметтер жинақталған. Қазіргі таңда теріскейде арнайы картаға 1,5 мыңнан астам нысан енгізілген, олардың 70 пайызы қажетті талаптарға бейімделген.

Улан Ыдырыс