Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мағжан Жұмабаев ауданына жасаған жұмыс сапары аясында егіс алқаптарын тікелей аралап шықты. Өңір басшысы астық жинау жұмыстарының барысын бақылап, диқандардың науқанға деген дайындығын жан-жақты тексерді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәсәлелерін де жан-жақты талқылады. Сапардың келесі нысаны – күрделі жөндеуден өтіп, түбегейлі жаңартылған Чистовское ауылының мәдениет үйі болды. Жаңартылған ғимарат ауыл тұрғындарының рухани тынығып, бос уақытын мазмұнды өткізетін сүйікті орнына айналды. Нысан ауыл шаруашылығы құрылымдарымен жасалған меморандум аясында 300 млн теңгеге жаңартылды. Ауданда жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. Биыл «Булаево – Молодогвардейское» және «Петропавл – РФ шекарасы» республикалық жолдарын қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар бағыттар да назардан тыс қалмай, «Булаево – Советское» жолына ағымдағы жөндеу басталды, «Ұзынкөл – Возвышенка» бағытындағы орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, «Қарағанды – Надежка» учаскесіндегі жұмыстар толық аяқталды, ал «Пулеметовка – Таманское» автожолын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұдан кейін өңір басшысына Булаев қаласындағы көшелердің жөндеу жұмыстары туралы баяндалды. Ал, жас техниктер үйінде күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Жаңартылған нысанда робототехника, картинг, авиамодельдеу және қолөнер бағыттары бойынша тегін үйірмелер ашылып, балалар мен жастардың заманауи дағдыларды игеруіне кең жол ашылады.
ТАЛҒАТ ҚАРАБАЕВ, М.Жұмабаев ауданы білім бөлімінің басшысы:
– 2025 жылы 68 млн теңгеге терезелер, шатыр, еден, су құбыры мен кәріз жүйесі, сондай-ақ ғимараттың айналасындағы су өткізбейтін жабын жаңартылды. Биыл 60 млн теңгеге қасбеті жөнделіп, жылыту жүйесі ауыстырылды, ішкі әрлеу жұмыстары мен абаттандыру жүргізілді.
Сондай-ақ, жиналғандар сапар аясында аудандағы Magzhan Creative & IT center болып, балалар мен жастардың қабілетін шыңдап, жаңа білім мен заманауи дағдыларды игеруіне кең мүмкіндік беріп жатқан тың жобалармен танысты. Кейін орталық алаңда аудан ардагерлерімен кездесті.
ЖӘМИЛӘ ДОСОВА, ардагер ұстаз, М.Жұмабаев ауданы:
– Мағжан біздерге сеніп кетті ғой. Мен жастарға сенемін деп. Сол жастарды осындай жерге әкеліп, ашық аспан аясында сабақ беріп жатса тағзым үстіне тағзым ғой. Сол себепті, Туымыз тұғырлы болсын. Бірлігіміз бекем болсын.
Облыс әкімі аудандық полиция бөлімінің жаңа Жедел басқару орталығына барып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи жүйелердің жұмысымен танысты. Полицейлердің материалдық-техникалық базасын ынғайту мақсатында арнайы дрон мен 30 радиостанцияны табыс етті. Ал, ауыл шаруашылығы құрылымдарымен жасасқан меморандум нәтижесінде Таман ауылында 80 млн теңгеге заманауи стадион салынды. Мұнда тұрғындардың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек, 10 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 11 ауылдық округтің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету мақсатында жаңа арнайы автокөліктерді сыйға тартты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Бүгін денсаулық сақтау саласын жаңа медициналық автокөліктермен қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам жасалып отыр. Осы айтулы оқиғамен барлық медицина қызметкерлерін құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, амандық және толағай табыс тілеймін. Жаңа көліктер өңір тұрғындарының игілігіне ұзақ жыл қызмет етіп, жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге септігін тигізсін.
М.Жұмабаев ауданында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен әлеуметтік сала бойынша жасалған өзара ынтымақтастық меморандумдары тиімді іске асырылып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы аудан әкімі Рахат Смағұлов өз баяндамасында кеңінен тоқталды.
РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М. Жұмабаев ауданының әкімі:
– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен өзара ынтымақтастық пен әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мақсатында барлығы 39 меморандум жасалынды. Оның ішінде ауданды дамытуға бағытталған 12 ауқымды жоба қазіргі уақытта сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Сапар соңында облыс әкімі аудандық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен арнайы кездесу өткізді. Жиын барысында ауданның және өңірдің экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері жан-жақты баяндалды.
Аружан Султанова

