Есіл ауданында орақ жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Арнамыздың түсірілім тобы аудандағы “Агрохимснаб” серіктестігінің алқабына барып, маңызды істің барысымен танысып қайтты. Биыл агроқұрылым 6 мың гектарға жуық алқапқа дән сіңірген. Оның басым бөлігі – дәнді-дақылдарға тиесілі.
ИГОРЬ СТЕПАНЮК, “Агрохимснаб” ЖШС директорының орынбасары, Есіл ауданы:
– Қазіргі таңда дәнді-бұршақты дақылдарға арналған алқапты орып жатырмыз. Күзгі дала жұмыстарын бастағанымызға 2 күн болды. Техникаларымыздың бәрі жаңа, қызметкерлер жеткілікті. Биылғы жаз өте ыстық болды. Бұл астықтың сапасына оң әсерін тигізбек.
Серіктестік алқаптарында 2 комбайн жүйткіп жүр. Жаңа техникалардың арқасында жұмысшыларға түсетін ауыртпашылық жүгі азайған. Александр Степанюктің аталған агроқұрылымда еңбек етіп жүргеніне 5 жылға жуықтапты. Азаматқа өз жұмысы ұнайды. Алдағы уақытта да осы салада еңбек еткісі келеді.
АЛЕКСАНДР СТЕПАНЮК, “Агрохимснаб” ЖШС комбайншысы:
– Комбайнның іші кең, салқындатқышқа дейін бар. Жаңа техникада жұмыс істеу өте қолайлы. Серіктестік бізге жалақыны уақытылы төлейді. Бар жағдайымызды жасап отыр. Биылғы орақ науқанын ойдағыдай аяқтаймыз деп ойлаймын.
Ағымдағы жылы Есіл ауданының жер емген диқандары 290 мыңнан астам гектар алқапқа дән сіңірді. Егіс және орақ науқаны ойдағыдай өту үшін мемлекет тарапынан оларға зор қолдау көрсетілді. Еңбеккерлер арзандатылған бағамен 27 мың тонна минералды тыңайтқыш пен 4 мың тонна дизель отынын алған. Айта кету керек, биыл есілдік диқандарға аграрлық несие корпорациясы арқылы 5 млрд теңге субсидия бағытталған.
ЕРМЕК ТҮМЕНБАЕВ, Есіл аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:
– Бүгінге дейін 12 мың гектар алқапта жұмыстар аяқталды. Оның басым бөлігін бастырып үлгердік. Өнімділік гектарына 15,2 центнерді құрайды. Барлығы 17,6 тонна астық жинадық.
Бүгінге дейін есілдік диқандар 61 мың тоннадан астап мал азығын дайындаған. Айта кету керек, соңғы 3 жыл ішінде еңбеккерлер 900-ге жуық су жаңа техника сатып алыпты. Оған 19 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Нурасыл Ахмет

