Алаяқтар Петропавл тұрғынына банк қызметкері ретінде хабарласып, оның банк шотындағы қаражатына бөгде адамдар қол жеткізгенін айтқан. Олар ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару арқылы қорғау қажет деген желеумен жәбірленушіні несие рәсімдеуге және оны өздері көрсеткен есепшотқа аударуға көндірген. Осыдан кейін қылмыстық схема қатысушыларының бірі Павлодар қаласында банкомат арқылы жәбірленушіге тиесілі 2 млн 860 мың теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып, кейін криптовалютаға айырбастаған. Ол атқарған «қызметі» үшін ақшаның бір бөлігін өзіне қалдырған. Ізін жасыру мақсатында банкомат жанында медициналық бетперде мен кепка киіп жүрген. Күдікті Павлодар облысының 21 жастағы тұрғыны болып шықты. Мамыр айының соңында шығарылған сот үкіміне сәйкес, рақымшылық жасау туралы заңның қолданылуына байланысты оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот оны жәбірленушіге келтірілген 2 790 000 теңге көлеміндегі материалдық залалды өтеуге міндеттеді.
Данаш Хамза

