Орталық қалалық кітапханада жерлесіміз, көрнекті жазушы Иван Петрович Шуховтың туғанына 120 жыл толуына арналған “Шухов: өмірі, шығармашылығы, мұрасы” атты оқырмандар конференциясы өтті. Тағылымды шараның басты мақсаты – қаламгердің әдеби мұрасын насихаттап, оның шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен таныстыру.
ЛӘЗЗАТ ЕРҒОЖИНА, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың филиал меңгерушісі:
– Уақыт өтсе де ұлы тұлғаның туындылары өз құндылығын жоғалтпады. Бүгінгі конференцияға жазушының шығармаларын зерттеген ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен Иван Шуховпен жақын араласқан, жеке таныс болған азаматтар арнайы шақырылды.
Конференция аясында жазушының жұмыс кабинеті бейнеленген арнайы көрме ұйымдастырылып, кітап-иллюстрациялық көрме көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, оқырмандар Иван Шуховтың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмді тамашалап, әдеби сауалнамаға қатысты. Уақыт өткен сайын шынайы әдебиеттің құндылығы арта түсетіні анық. Иван Шуховтың шығармашылығына арналған мұндай кездесулер оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайтып, әдеби мұраны келер ұрпаққа насихаттауға жол ашады.
Жансая Дербисова

