Қоғам

«Қазақстанда жасалған» ұлттық таңбасы тұтынушылардың сенімі мен жоғары сапа белгісіне айналуы тиіс

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетіктері іске қосылды. Ұлттық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беріледі. Салықтық және мемлекеттік қолдаудың өзге де шаралары жаңа өндірістерді іске қосып, қолданыстағы өндірістердің қуатын кеңейтуге қолайлы жағдай жасап отыр. Отандық тауарларды қолдау және ілгерілету мәселелері қаралған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов
Мемлекет басшысы отандық өндірістің өсуі үшін қолайлы жағдай жасау міндетін қойғанын атап өтті. Ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін арттыру жергілікті өндірістің дамуына серпін беріп, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді әрі ел экономикасын нығайтуға ықпал етеді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ – ҚР Премьер-министрі:

– Қабылданып жатқан шаралардың барлығы бәсекеге қабілетті отандық өндірісті құруға және дамытуға бағытталған. Субсидиялардан бастап, тауарларды әлемдік нарыққа ілгерілетуге дейінгі мұндай тәсілді әлемнің барлық дамыған экономикалары қолданады. Біз де осы саясатты ұстанамыз. Өйткені оның нақты нәтижесін көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан бүгінде ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етеді. Бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі шамамен 10%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да тұрақты өсіп келеді. Бұған экономика салаларын кешенді мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қол жеткіздік.

Сонымен қатар, Премьер-министр ендігі міндет – ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруды жалғастырып, өткізу нарықтарын кеңейту және қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарда неғұрлым белсенді ілгерілетудің маңызды екеніне назар аударды. «Қазақстанда жасалған» ұлттық таңбасы тұтынушылардың сенімі мен жоғары сапа белгісіне айналуы тиіс. Жиынның қорытындысы бойынша Олжас Бектенов министрлер мен әкімдерге бірқатар тапсырма берді.

Данаш Хамза