Бұл – облыстық перинаталдық орталық. Мұнда күніне ондаған бала дүние есігін ашады, ондаған ата-ана қуанышқа бөленеді. Мекеме 30 жылдан астам уақыт бойы теріскейліктерге қызмет көрсетіп келеді. Перзентханадағы білікті мамандар жүкті нәзікжанды орталыққа келіп, бала дүние есігін ашып, толық жетілгенше дейін күтім жасайды.
ЕЛЕНА КАЛЮЖНАЯ, облыстық перинаталдық орталықтың директоры:
– Биыл орталықта 1900-ден астам бала дүниеге келді. Оның 10 пайызы – шала туған нәрестелер. Біз олар жетілгенше дейін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Өкінішке қарай, жағымсыз сандар жыл сайын артып келеді. Оған – әйелдердің өз-өзін күтпеуі себеп.
Орталық дәрігерлерінің сөзінше, ерекше назарды мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелер қажет етеді. Шала тууға әйелдің денсаулық жағдайы, жүктілікке алдын ала дайындалмауы, сондай-ақ күйзеліс себеп болуы мүмкін. Жадыра Мамыржанованың перзентханада еңбек етіп жүргеніне 5 жылдан асыпты. Нәзікжанды аталған салаға келгеніне еш өкінбейді.
ЖАДЫРА МАМЫРЖАНОВА, облыстық перинаталдық орталықтың неонатолог-дәрігері:
– Жұмысымыз қиындыққа толы. Бірақ, сәбидің дүниеге келгенін көріп, шаршағанымыз бірден басылады. Ана мен баланы екі сағат сайын тексеріп отырамыз. Толық күтім жасаймыз.
Айта кету керек, балаларға арналған мекеменің іші жарық әрі кең. Орталықта церебралды сал ауруы, шала туу, дамуында туа біткен ақаулықтары бар және Даун синдромына шалдыққан шақалақтар оңалтудан өте алады. Тиімді заманауи технологиялар да ұсынылған. Мысалы, мұнда механотерапия, емдік-дене шынықтыру залы мен массаж бөлмелері бар.
ЖАДЫРА МАМЫРЖАНОВА, облыстық перинаталдық орталықтың неонатолог-дәрігері:
– Ең қиыны – анаға баланың ауырып тұрғанын айту. Сондай сәтте оларға психологиялық көмек те көрсетеміз.
Бүгінде Қазақстан жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету бойынша Орталық Азияда жетекші орындардың бірін иеленіп отыр. Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасын табады деп сенеміз.
Нурасыл Ахмет

