Kurultai banner mobile

Қоғам

Ақжар ауданына жаңа әкім тағайындалды

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жұмыс сапарымен Ақжар ауданына барды. Әуелі Марат Иманбайұлы ауданның жаңа басшысын таныстырды. Енді Ақжар ауданының әкімі қызметін Нұрлан Телтаев атқарады. Ол 1974 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданында дүниеге келген. Мамандығы – зоотехник. Еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастап, әр жылдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, Аққайың ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2025 жылдың ақпан айынан бері қарай «AMANAT» партиясының Қызылжар аудандық филиалын басқарған.

НҰРЛАН ТЕЛТАЕВ, Ақжар ауданының әкімі:
– Осы ауданның тұрғындарымен бірлесіп Президент қойған тапсырмаларды шешуге тырысатын боламын.

Марат Иманбайұлы ауданның бұрынғы басшысы Рүстем Елубаевқа алғысын білдірді. Өз кезегінде Рүстем Мақашұлы да өңір басшысы мен аудан халқына ризашылығын жеткізіп, бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Сондай-ақ, жаңа басшылыққа сәттілік тілеп, ауданның өсіп-өркендеуі жолындағы игі бастамаларға әрдайым қолдау білдіретінін айтты.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Ақжар ауданының бұрынғы әкімі:
Құрметті актив, жерлестер, бірге 2 жыл бойы қоян-қолтық жұмыс істедік. Сіздерге өз алғысымды білдіремін.

Кейін Марат Тасмағанбетов жаңа қызметке тағайындалған Нұрлан Телтаевқа өңір басшысының қойған тапсырмаларын жіпке тізді әрі аудандағы түйткілді мәселелерді шешуді тапсырды.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Аудан әкіміне салық берешегін қысқартуды және бюджеттің әр теңгесін тиімді пайдалануды тапсырамын.

Кездесу соңында Марат Иманбайұлы мен Нұрлан Телтаев аудандық мәслихат депуттатарының сұрақтарына жауап берді. Олардың басым көпшілігі жол мәселесіне қатысты болды.

Улан Ыдырыс