Kurultai banner mobile

Қоғам

5-тамыз – Медиация күні

5-тамыз – отандық Медиация күні. Айтулы датаға орай Достық үйінде дөңгелек үстел шарасы өтті. Өңірде бұл институт 2016 жылы белсенді дами бастады. Қазір облыста қос тарапты табыстырып, бітімгерлікке шақыратын 200-ден астам медиатор бар. Олардың басым бөлігі – жоғары білімі бар кәсіби мамандар. Ал ел бойынша статистикамен бірнеше жылдық тәжірибесі бар кәсіби медиатор Гүлбақша Мұсабаева бөлісті.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, кәсіби медиатор:
– Елімізде 30-дан астам медиация ұйымы бар. 2 мыңнан астам кәсіби медиатор жұмыс істейді. Ал қоғамдық медиаторлардың саны 1800-ге жуықтайды.

Гүлбақша Мұсабаеваның сөзінше, елімізде медиация институты пайда болғанда халық аса мән бере қоймапты. Көбі батыстан келген жаңашылдық, еш пайдасы жоқ деп бойұсынбаған. Уақыт өте келе институт өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазіргі таңда елімізде арыздардың 30 пайызы медиаторлардың көмегімен шешіледі. Бұл бағытта Гүлбақша Нұрмұқанқызы да ауқымды жұмыс атқарыпты.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, кәсіби медиатор:
– Мен биыл отбасылық жанжалға байланысты 100 медиативтік істі қарадым. Оның 80-пайызы өзара бітіммен аяқталды.

Медиация – қазақ елінің тұрмыс салтында баяғыдан бар сот жүйесінің бір түрі. Мәселен бұрын дау-дамайды билер шешетін болса, қазір оларды медиаторлар алмастырды. Тағылымы мол шараға сот төрағалары да арнайы шақыртылған. Олар үшін де медиацияның маңызы зор екен.

АРАЙ ӘБІЛМӘЖІНОВА, СҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:
– Биыл сотқа мыңға жуық арыз келіп түсті. Оның 50 пайызы – ажырасу бойынша. Біз әр істі жіті қарап шыққаннан кейін, тараптарды шақырамыз. Баланың құқығы мен психикасы бұзылмасы үшін бітімге келулерін сұраймыз.

Шараның соңында саланың дамуына зор үлес қосып жүрген жандар түрлі марапатқа ие болды.

Нурасыл Ахмет