Петропавлда аутизм спектрі бұзылысы бар балалардың әлеуметтік бейімделуіне арналған екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар спорттық жаттығулар мен арт-терапияны ұштастырып, балалардың қимыл-қозғалыс дағдыларын, шығармашылық қабілеті мен қарым-қатынасын дамытуға бағытталған. Бүгінде мұндай жобаларға 30 бала қатысуда.
ЕЛЕНА ФОМИНА, “Белсенді жастар” ҚБ үйлестірушісі:
– Біздің жоба тек спорт туралы емес. Негізгі мақсат – балалардың қоғамға бейімделуіне және өзіне деген сенімін арттыруға көмектесу. Осы уақытқа дейін 19 жаттығу өткіздік. Сондай-ақ, ата-аналарға арнап семинар ұйымдастырып, үй жағдайында емдік дене шынықтырумен айналысу жолдарын көрсеттік. Ал тамыз айында балалардың командалық ойындарға қатысу дағдыларын дамытуға бағытталған тағы 11 жаттығу жоспарланған.
Спорттық бағыттағы сабақтарда балалар тепе-теңдік сақтауды, қимыл-қозғалысты үйлестіруді және топпен жұмыс істеуді үйренеді. Ал шығармашылық бағытта олар гипстен бұйым жасау, табиғи сабын дайындау және сурет салу арқылы өз эмоцияларын еркін жеткізуді үйренеді. Мамандардың айтуынша, мұндай сабақтар ұсақ моториканы дамытып қана қоймай, баланың өзіне деген сенімін арттырады.
ЛИДИЯ ГРАБАРЬ, “Салауатты өмір салты үшін жастар” ЖҚБ төрайымы:
– Біздің шығармашылық шеберханамыз маусым айынан бері жұмыс істеп келеді. Арт-терапия жобасына 30 бала мен олардың ата-аналары қатысып жатыр. Бүгінгі сабақта балалар кенепке сурет салуды үйренеді. Жоба соңында қатысушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылады.
Жобалар тамыз айының соңына дейін жалғасады. Жаздың жарқын оқиғаларының бірі “Кішкентай чемпиондар” инклюзивті фестивалі болмақ. Мұнда балалардың шығармашылық жұмыстары таныстырылып, олардың жетістіктері көпшілік назарына ұсынылады.
Жансая Дербісова

