Kurultai banner mobile

Қоғам

Қытайдың белді оқу ордасында тәлім алған теріскейлік студенттер Петропавлға оралды

5 ай бойы Қытайдың белді оқу ордасында тәлім алған Қозыбаев университетінің студенттері Петропавлға оралды. Жергілікті жоғары оқу орнының 33 ұл-қызы Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде оқуды сәтті аяқтаған. Жалынды жастар шетелдік университет қабырғасында өсімдік және мал шаруашылығы салаларындағы заманауи технологияларды меңгерді, агроөнеркәсіптік кешенде қолданылатын цифрлық шешімдермен танысты. Сонымен қатар, әлемге танымал ғалымдар мен профессорлардың дәрісін тыңдады. Айта кету керек, студенттер мұндай зор мүмкіндікке “Академиялық ұтқырлық” бағдарламасы арқылы ие болды.

ФАРИЗА МҰҚАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Агрономия және орман шаруашылығы” кафедрасының меңгерушісі:
– Студенттер тек шетелдік профессорлардың дәрісін тыңдап қана қойған жоқ, танап басына барып, тәжірибе жинақтады. Бұл ауыл шаруашылығы саласында өте маңызды саналады.

Студенттер Қытайда тек тәжірибе жинақтаған жоқ, Аспан асты елінің тарихымен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен танысты. Түрлі мұражайлар мен тарихи-мәдени нысандарды аралады. Айта кету керек, шетел асқан студенттер арнайы іріктеуден өткен. Оның барысында ұл-қыздардың оқу және ағылшын тілін меңгеру деңгейіне баса назар аударылған.

ФАРИЗА МҰҚАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Агрономия және орман шаруашылығы” кафедрасының меңгерушісі:
 – Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен 2017 жылдан бері серіктеспіз. Содан бері қытайлық студенттер де бізге келіп, білімдерін шыңдап жүр.

Әлемдік державаны көрді, тәжірибе жинақтады, баға жетпес байлықпен танысты. Бұл оқыту курсы студенттердің мәңгі есте қалатыны сөзсіз. Бұны шетел асып, тәлім алған 2-курс студенті Ерасыл Қырым растап отыр. Жалынды жас мүмкіндік болса аспан асты еліне тағы бармақ ниетте.

ЕРАСЫЛ ҚЫРЫМ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Біз үшін әр сабақ қызыққа толы болды. Маған осындай мүмкіндік сыйлаған университетке алғысым шексіз!

Айта кету керек, аспан асты елінде тәлім алған студенттердің барлығы оқу курсын табысты аяқтады, халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болды. Теріскей – жасыл желекке бай, сонымен қатар, аграрлы өлке. Алдағы уақытта Қытайда тәлім алған студенттер бар үйренгендерін өңірдің даму жолында қолданатын болады.

Нурасыл Ахмет