Қоғамдық саясат институты сауалнамасының нәтижелері 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы туралы халықтың хабардар болу деңгейі жоғары екенін көрсетеді.
Зерттеу деректеріне сәйкес, респонденттердің 89,4% алдағы сайлау туралы хабардар («Сіз 2026 жылғы 23 тамызда Құрылтай сайлауы өтетіні туралы білесіз бе?»): 55,2% сайлау туралы толық хабардар екенін, тағы да 34,2% сайлау туралы естігенін, бірақ егжей-тегжейлі білмейтінін мәлімдеді.
Құрылтай сайлауы туралы хабардар болу деңгейі респонденттердің жас ерекшелігіне тікелей статистикалық тәуелді екені байқалады: респонденттің жасы ұлғайған сайын оның сайлау туралы хабардар болу деңгейі де арта түседі. Сайлау туралы хабардар болу деңгейі ауыл тұрғындары арасында жоғары.
Әлеуетті электоралды белсенділік көрсеткіші де азаматтардың дауыс беруге дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 72,3% Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті екенін мәлімдеді («Сіз 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауында дауыс беруді жоспарлап отырсыз ба?»). Сонымен қатар, респонденттердің 11,9% дауыс беруге қатысуды жоспарламайтынын мәлімдеді. Ал 15,8% әлі нақты шешім қабылдамаған, оның ішінде жауап беруге қиналған респонденттердің 0,5%-ы бар.
Әлеуетті электораттың басты ерекшеліктерінің бірі оның сабақтастығы болып отыр. Атап айтқанда, сайлауға қатысуға ниетті респонденттердің 87,6% 2026 жылғы 15 наурызда өткен жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға да қатысқан («Сіз төменде көрсетілген сайлау науқандарының қайсысына қатыстыңыз/дауыс бердіңіз?»). Бұл елдегі негізгі саяси науқандарға үнемі қатысатын азаматтардың тұрақты тобы қалыптасқанын көрсетеді.
Сайлауға қатысуға ниетті азаматтардың электоралдық таңдауы бойынша «Әділет» партиясы алда келеді. Аталған партияға респонденттердің 67,3% дауыс беруге дайын екенін білдірді («Сіз Құрылтай сайлауында қай партияға дауыс бересіз?»). Партияны қолдау деңгейі 36-60 жастағы респонденттер, ауыл тұрғындары арасында жоғары екені байқалады. Атап өтерлігі, осы партияны қолдайтындар сайлауға қатысуға ниетті респонденттер арасында шоғырланған.
Екінші орынға 6,2% нәтижесімен «Ауыл» партиясы орналасты. Әрі қарай «Respublica» – 5,5%, «Ақ жол» – 4,8%, ЖСДП – 4,3%, ҚХП – 3,9%, «Байтақ» – 1,1% көрсеткіштерімен жайғасты.
Ал респонденттердің 1,6% барлық партияларға қарсымын деп дауыс беруді ниет етсе, 5,3% әлі шешім қабылдамағанын айтты.
Талдау нәтижелері партияны таңдауға ықпал ететін негізгі фактор («Жоғарыда көрсетілген партиялардың біріне дауыс беруіңізге негізгі себеп қандай?», респонденттің бірнеше жауап нұсқасын таңдау мүмкіндігі болды) – оның бастамаларына берілетін оң баға екенін көрсетті, бұл жауапты респонденттердің 44,4% таңдаған, екінші орында – респонденттердің белгілі бір партиямен тұрақты байланысты сезінуі ( «Мен – осы партияның жақтасымын» – 29,2%). Одан кейін «Қазақстанның келешегі осы партиямен байланысты» (25,3%) және «Партияның сайлаушылармен жұмыс істеу тәсілі маған ұнайды» (14,7%) деген пікір жиі кездеседі.
Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері азаматтардың алдағы Құрылтай сайлауына деген ынтасының жоғары деңгейде екенін және электоралдық жұмылдырудың жеткілікті дәрежеде қалыптасқанын көрсетеді.
Сауалнаманы Қоғамдық саясат институты 2026 жылғы 7-27 шілде аралығында ұлттық репрезентативті іріктеме негізінде жүргізді. Іріктеме көлемі – 18 жастан асқан 8000 респондент (17 облыс, Астана, Алматы, Шымкент қалалары). Іріктеме қателігі – ±1,19%. Деректерді жинау әдісі – жаппай сауалнама (face-to-face). Қоғамдық саясат институты деректерді ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес ҚР Орталық сайлау комиссиясын 2026 жылғы 4 шілдедегі № KQ–26/14 жазбаша хабардар ету негізінде жариялайды.
Дереккөз:

