Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒББО) ғалымдары араларды селекциялау және омарталарды басқаруға арналған алғашқы Apislab цифрлық платформасын әзірледі. Бүгінде бұл жүйені Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі 201 омарта шаруашылығы пайдалануда. Apislab – өзара байланысқан үш компоненттен тұратын бірыңғай цифрлық экожүйе. Платформаның басты ерекшеліктерінің бірі – әрбір ара ұясына бірегей сәйкестендіру нөмірі мен QR-кодтың берілуі. Соның арқасында омарташылар ара ұясы туралы толық ақпаратқа жедел қол жеткізіп, жүргізілген тексерулер мен басқа да іс-шаралар жөніндегі мәліметтер бірыңғай ақпараттық жүйеде сақталады. Apislab платформасы пайдаланушылар үшін тегін. Жұмысты бастау үшін ара шаруашылығын жүйеде тіркеу жеткілікті. Apislab платформасын енгізу отандық ара шаруашылығын цифрландыруға, селекциялық жұмыстардың тиімділігін арттыруға, бал араларының генетикалық ресурстарын сақтауға және ғылым мен өндірістің өзара байланысын нығайтуға ықпал етеді.
Данаш Хамза