Kurultai banner mobile

Қоғам

Демалыс күндері тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеді

Қала тұрғындары демалыс күндерін тынығып, көңіл көтерумен өткізсе, тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Петропавлда қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін күн сайын полиция және Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері қамтамасыз етеді. Тәртіп сақшылары шаһар көшелерін патрульдеп, жол қозғалысын бақылап, құқық бұзушылықтардың алдын алады және қажет болған жағдайда азаматтарға қол ұшын созады. Өткен демалыс күндері де полиция қызметкерлері бірқатар қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Қосымша полиция жасақтары “Қарасай” стадионында өткен футбол матчы кезінде қоғамдық тәртіпті қадағалады. Сонымен қатар, “Таза Қазақстан” акциясы аясында трибуналардың тазалығын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, келушілерге жадынамалар таратылды. Бұдан бөлек адам көп жиналатын орындарда, оның ішінде қалада өткен концертте полиция қызметкерлері кезекшілік атқарды. Бұл жұмыстарға 50-ден астам тәртіп сақшысы жұмылдырылды.

СЕРІК ӘЛЖАНОВ, қалалық полиция басқармасының бастығы:
– Азаматтарға сабырмен түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Қажет болған жағдайда аға қызметкер профилактикалық әңгіме өткізсін. Ал қоғамдық тәртіпті бұзып, мас күйде жүрген азаматтар анықталса, бұл туралы дереу патрульдік жасаққа және қалалық полиция басқармасына хабарлаңыздар.

Серік Әлжановтың айтуынша, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге барлық бөліністердің қызметкерлері, оның ішінде жедел қимылдайтын арнайы жасақ та жұмылдырылған.

 

Аружан Султанова