Жыл сайын облыста жүздеген шақырым автожол салынып, жөндеу көреді. Бұл бағыттағы маңызды іс сапалы атқарылуы тиіс. Қазіргі таңда “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” облыстық филиалының мамандары автожолдардағы жағдайды жылжымалы жол зертханасы арқылы тексереді. Сырт келбеті кәдімгі автокөлік болып көрінгенімен, ішінде тұтас талдау орталығы орналасқан. Жүйткіп бара жатып-ақ, жолдың жағдайын толық диагностикалай алады.
ЕРКІН ӘБІЛМӘЖІНОВ, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК СҚОФ инженері:
– Газельдің айналасы бейнекамераға толы. Олар әрбір метрді есептейді. Көліктің астында жолдың түзулігі мен қалыңдығын бағалайтын лазер де орнатылған. Нәтиже жасанды интеллект арқылы жасалған бағдарламаға енгізіледі. Бұрын 100 шақырым жолды диагностикалау үшін 4 күн құртатынбыз. Қазір бұл іс 4 сағатта бітеді. Жұмысымыз едәуір жеңілдеді деп айтсам еш қателеспеймін.
Айналасы бейнекамераға толы көлік жолдың кедір-бұдырын бірден сезеді. Ал жасанды интеллект арқылы жасалған бағдарлама лезде ақаудың көлемі мен координатын шығарады. Биыл орталық мамандары жылжымалы жол зертханасы арқылы ауқымды жұмыс атқарған.
ҚАНАТ ӨСЕРБАЕВ, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК СҚОФ директоры:
– Қазіргі таңда республикалық маңызы бар жолдардың 50 пайызын тексердік. Ал облыстың маңызы бар жолдарды толықтай диагностикаладық. Қазіргі таңда инженерлер сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр. Анықталған кемшіліктерді жауапты мердігерге жібереміз.
Айта кету керек, диагностика нәтижесі “Е-жолдар” бірыңғай порталына енгізіледі. Ол арқылы кез келген жүргізуші аймақтардағы автожолдың жағдайын көре алады.
Нурасыл Ахмет

