Қоғам

Өңірдің бас полицейі ауысты

Облыс әкімдігінде актив отырысы өтті. Алқалы жиында өңірге жұмыс сапарымен келген Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов өңірдің жаңа бас полицейін таныстырды. Бұдан былай облыстық полиция департаментін Руслан Назаров басқарады. Айта кету керек, ол бұрын теріскейде еңбек еткен.

БАУЫРЖАН ӘЛЕНОВ, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:
– Руслан Назаров еңбек жолын 1998 жылы қарапайым учаскелік инспектор болып бастады. 2017–2019 жылдары Зеренді аудандық полиция бөлімінің бастығы болды. Кейінгі 4 жылда Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Осы тағайындауға дейін ІІМ-нің криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары болып еңбек етті. Тәжірибесі мол. Қоғам тыныштығын жүйелі қамтамасыз етеді деп сенемін.

Руслан Самарбекұлына дейін облыстық полиция департаментін Абай Жүсіпов басқарды. Ол бұл қызметте қаңтардан бастап еңбек етті. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Шендінің атқарған жұмысын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жоғары бағалады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Абай Жүсіпов жұмысын өте қарқынды бастады. Лизинг мәселесі бойынша да, материалдық-техникалық базаны жаңарту бағытында да әкімдік әрдайым қолдау көрсетті. Абай Қуатбайұлының барлық бастамасын қолдадық. Жүйелі жұмыстың арқасында ол министрлікке жұмысқа шақырылды. Сізге алғысымыз шексіз. Жаңа қызметте толағай табыс тілеймін!

Кейін облыс әкімі мен ІІМ бірінші орынбасары облыстың бас тәртіп сақшысын полиция департаментінің ұжымына таныстырды. Жаңа басшы өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салатынын айтты.

РУСЛАН НАЗАРОВ, СҚО ПД бастығы:
– Жауапкершілік жүгі ауыр қызметке келдім. Сенімдеріңізді ақтаймын. Бар тәжірибем мен білімімді қоғам тыныштығын сақтауға жұмсайтын боламын. Алда бізді ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Әріптестеріммен бірге бар қиындықты бірге еңсереміз.

Айта кету керек, Руслан Назаров жаңа лауазымға Ішкі істер министрінің бұйрығымен және Президент әкімшілігінің келісімі негізінде тағайындалды.

 

Нурасыл Ахмет