Қоғам

“Inclusion Демалыс”: Петропавлда аутизмі бар балалар үшін спорттық іс-шара өткізілді

Петропавлда Тұңғыш Президент саябағында ерекше балаларға арналған жарыс ұйымдастырылды. Спорттық іс-шараға 50-ден астам отбасы қатысты. “Бұндай бастамалар аутист балаларға қолдау көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді” – дейді “Көмек” тренинг орталығының жетекшісі Ғалия Баязитова.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, “Көмек” тренинг орталығының жетекшісі
– Бұл іс-шара ерекше балалардың ата-аналарының арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Бұл жерде ата-аналардың бір-бірімен араласып, командалық рух аясында бірігіп, алға қойған бірдей мақсатқа жетулері өте маңызды. Қатысып жатқан отбасылар жарысып қана қоймай, демалып, бір-бірімен әсерлерімен бөліседі. Мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады және ары қарай жалғасын табады.

Сайыс 5 кезеңнен тұрды. Балалар белгіленген жерлерден секіру, арқан тарту, кедергі жолақтарынан өту, су құю және батпырауық ұшыру секілді кезеңдерден өтті. Жаттығулар жылдамдық, назар, өздерін бағдарлау сынды іс-әрекеттермен тығыз байланысты. Бұл қасиеттердің жиынтығы физикалық тұрғыдағы белсенділікті арттырып, мидың ойлау қабілетін дамытады дейді ата-аналар қауымы.

АНАСТАСИЯ ГРИГОРЬЕВА-ЯКОВЛЕВа: ата-ана

– Біздің ерекше балаларымызға осындай тамаша іс-шара ұйымдастырған “Life Crafting” орталығына алғысым шексіз. Біз үшін балаларымыздың қоршаған ортаға бейімделіп, бір-бірімен араласқаны, кездескені өте маңызды. Бұндай спорттық шаралар жеткіншектердің дамуына зор ықпалын тигізеді.

Айта кету керек, іс-шара соңында ата-аналар мен балаларға медаль, грамота мен сыйлықтар табысталды. Бұл сайыс отбасы мүшелері үшін ерекше көңіл-күй мен әсерге толы есте қаларлық күн болып қалады.

Аружан Султанова