Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда. Әсіресе, қазіргі уақытта. Осы мақсатта Петропавлда балаларға арналған профилактикалық қауіпсіздік іс-шарасы өтті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жасөспірімдерге өрт пен суға қатысты қауіпсіздік және балалардың терезеден құлауының алдын алу жолдары туралы түсіндірді.
ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД басқармасының бастығы:
– Қауіпсіз демалыс” акциясы аясында балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жатырмыз. Мұндай іс-шараның мақсаты – балалардың жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар, ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмай, олардың қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарау қажеттігін түсіндіреміз.
Іс-шара барысында балалардың қауіпсіздік ережелерін қаншалықты меңгергені де тексерілді. Балалар белсенді болып, мамандардың сауалдарына жауап беріп, өз білімдерін көрсетті. Танымдық бөлімнен кейін өрт сөндірушілер арнайы техника арқылы су шашып, жаздың аптап ыстығында балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
МАРУАН БАЙЗАҚ, қала тұрғыны:
– Бұл іс-шарада бізге қауіпсіздік ережелері жайлы көп ақпарат берді. Отпен ойнауға болмайтынын, оттың тұтануына жол бермеу керектігін және қауіпті жағдай болса, бірден үлкендерге ескерту керектігі жайлы айтылды. Шара өте қызықты әрі танымды өтті”.
Жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр баланың ғана емес, ата-ананың да жауапкершілігі. Ал осындай профилактикалық шаралар – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Жансая Дербісова

