СҚО-да егіс науқаны қарқынды жүріп жатыр. Күзгі дала жұмыстарының барысымен танысу мақсатында өңірге жұмыс сапарымен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров келді. Ведомство басшысы Ғабит Мүсірепов ауданында бірнеше агроқұрылымды аралады, егіс алқаптарын көрді. Сонымен қатар, аудан диқандарымен тілдесті. Кездесуде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен техниканың дайындығы жайлы сөз болды.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Басты міндет – егінді уақытында жинап алу, астықтың сапасын қадағалау. Ауа райы мүмкіндік беріп тұрғанда маңызды істі тезірек аяқтау қажет. Мемлекет тарапынан диқандарға зор қолдау көрсетіліп жатыр. Тек талмай еңбек етсеңіздер болғаны. Мол өнім алуларыңызға тілектеспін.
Биыл облыста 4 млн 300 мың гектар алқапқа дән себілді. Оның 2 млн 900 мыңы – дәнді-дақылдар. Соңғы жылдары майлы дақылдарға да ерекше көңіл бөлінуде. Айта кету керек, министр облысқа жұмыс сапары барысында бірнеше тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты.
Нурасыл Ахмет

