Қоғам

Әділет саласындағы жаңа өзгерістер

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық әділет департаментінің мамандары жыл басынан бері атқарылған жұмыс қорытындысын шығарып, заңнамадағы негізгі өзгерістерді таныстырды. Ведомство басшысы Естай Рашқалиевтың сөзінше, жаңашылдықтар атқарушылық іс жүргізуді, нотариаттық және адвокаттық қызметті, сондай-ақ зияткерлік меншік саласын қамтиды.

ЕСТАЙ РАШҚАЛИЕВ, СҚО әділет департаментінің басшысы:
– Маңызды өзгерістердің бірі – атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинетін енгізу. Енді өндіріп алушылар мен борышкерлер атқарушылық іс жүргізудің барысы туралы ақпаратты электрондық форматта ала алады. Бұл арқылы іс жүргізудің мәртебесін қадағалап, жасалған атқарушылық әрекеттерді көріп, хабарламалар алып, сот орындаушысымен өзара іс-қимыл жасауға болады. Бұл рәсімді азаматтар үшін неғұрлым ашық әрі түсінікті етуге мүмкіндік береді, өйткені әрбір қатысушы сот актісінің орындалу барысын бақылау мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен қатар, нотариустардың атқарушылық жазбаларын рәсімдеу тәртібі де өзгерді. Енді мұндай құжаттар нотариустар арасында автоматты түрде бөлінеді. Бұл жүйенің ашықтығын арттырып, әділдікті қамтамасыз етуге және нотариустардың жұмыс жүктемесін тең бөлуге мүмкіндік береді.

ЕСТАЙ РАШҚАЛИЕВ, СҚО әділет департаментінің басшысы:

– Өзгерістердің бірі нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдардың тағылымдамадан өту тәртібін жетілдіру болды. Бұл рәсімді ретке келтіру мақсатында тағылымдама үміткердің тұрғылықты жері бойынша өткізілетін болып белгіленді. Бұл өзгеріс болашақ нотариустарды даярлаудың неғұрлым жүйелі тәсілін қалыптастыруға, тиісті өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып практикалық даярлықты қамтамасыз етуге және кәсіби дағдыларға қойылатын талаптарды біріздендіруге бағытталған.

Бұдан бөлек департамент басшысы зияткерлік меншік саласындағы өзгерістер жайлы да баяндады. Енді алдағы уақытта өнертабыс, тауар белгісі және басқа да зияткерлік меншік нысандарын тіркеу мен қорғау рәсімдері біртіндеп цифрландырылатын болады. Бұл авторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғап, инновацияның дамуына жол ашады.

 

Улан Ыдырыс