Kurultai banner mobile

Қоғам

СҚО-да энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту бойынша 36 жоба іске асырылады

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылдың желтоқсанында Қазақстанда энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба бекітілді. Оның аясында электр, жылу, сумен жабдықтау жүйелерін кешенді түрде жаңарту көзделген. Былтыр аталмыш бағдарлама аясында Тайынша қаласындағы жылу желілері жаңғыртылған болатын. Ал биыл өңірде жалпы құны 155 млрд теңгеден асатын 36 жобаны іске асыру көзделген. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары 2 жылда аяқталуы тиіс

ӘЛІШЕР БЕСПАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

— Биыл 27 жобаны іске асыруға дайындық жұмыстары басталып кетті. Жөндеу жұмыстарының бастапқы кезеңіне 45 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде “Қызылжар су” серіктестігінің жалпы құны 22 млрд теңгеден асатын 8 жобасы бар. Биылғы жылы оған 8,9 млрд теңге бөлінді. Ал “Петропавл жылу желілері” кәсіпорны бойынша 5 жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл бұл бағытқа 5,3 млрд теңге қарастырылды.

Ұлттық жоба аясында “Қызылжар су” серіктестігінің мамандары 20 шақырым магистральды су құбырын ауыстыру және 6 жарым шақырым кәріз желісін қайта жаңғырту жұмыстарын жоспарлап отыр.

АНДРЕЙ ФОМИЧЕНКО, “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:

— Жөндеу жұмыстарын Павлов көшесінен бастаймыз. Бұл учаске апаттық жағдайда. Тиісті құжаттар әзір. Қазір мердігер материалдарын жеткізіп, техникасын даярлау үстінде. Қалған 7 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әлі әзірленіп жатыр. Күзге қарай барлық нысанда жөндеу жұмыстары басталуы тиіс.

Павлов көшесіндегі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан – елордалық “Әлем құрылыс” компаниясы. Жоспар бойынша ұйым 4 мың метр құбыр ауыстыруы тиіс.

ӘМІРХАН ЖАҒЫПАРОВ, учаске бастығы:

— Жоба аясында Павлов және Потанин көшелерінде 4 жарым шақырым құбыр тарту жоспарланған. Қар түскенге дейін жұмысты екі ауысыммен жүргіземіз. Құбырларды төсеп, тұрғын үйлерді жаңа желіге қосамыз. Қазір геодезиялық белгілеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңына 18 жұмысшы мен 6 арнайы техника тартылған. Біз атқарған жұмысымызға 30 жыл кепілдік береміз.

Айта кетейік, сондай-ақ мердігер компания жерасты суының деңгейін төмендету шараларын да қолға алған. Себебі, бұл аумақты су басу қаупі жоғары. Мердігер ұйым барлық жөндеу жұмыстарын биыл аяқтауды жоспарлап отыр.

Ұлан Ыдырыс