Қазақстанда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы 2030 жылға дейін жүзеге асырылады. Осыған байланысты еліміздің білім беру жүйесін ауқымды өзгерістер күтіп түр. Жоспар бойынша салада цифрландыруға басымдық беріледі. Алдағы бірер жылда мектептер толықтай сертификатталған цифрлық оқулықтарға көшеді. Яғни, балалар ата-аналарды алаңдатқан ауыр сөмке тасымайтын болады. Кітаптың орнын білім беру платформалары мен интерактивті оқу материалдары бар планшеттер басады. Бұл бастама ұл-қыздардың омыртқасына түсетін физикалық жүктемені азайтып қана қоймай, сабақтардың мазмұнын көрнекі әрі қызықты етуге мүмкіндік береді.

