Петропавлда аутизмі бар жандарға арналған мамандандырылған қолдау орталығы өз жұмысын бастады. Жаңа орталықтың жұмысы өңірдегі ерекше балалар мен олардың отбасыларына сапалы әрі жан-жақты көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өңірдегі инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып саналады.
ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, “Көмек” тренинг орталығының жетекшісі:
— Біздің басты мақсатымыз – балалардың қоғамға бейімделуіне қолдау көрсетіп, олардың күнделікті өмірде қажет болатын дағдыларды меңгеруіне көмектесу. Қазіргі таңда балалар орталыққа зор қызығушылықпен келеді. Мұнда әр балаға жеке тәсіл қолданылып, оның ерекшелігі ескеріледі. Жұмыстың негізгі бағыты – шығармашылық қабілеттерді дамыту. Сонымен қатар, музыкалық және психологиялық әдістемелер де тиімді пайдаланылып келеді.
Мұнда балалармен логопед, психолог, дефектолог және басқа да мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар, ата-аналарға кеңес беру және психологиялық қолдау қызметтері көрсетіледі. Айман Абрахманова осы орталыққа 5 жасар баласымен сонау Тимирязев ауданынан келіп жүр.
Айтуынша, ұлы сауықтыру шарасынан аптасына үш рет өтеді.
Шамалы уақыттың ішінде оң өзгеріс байқалған.
АЙМАН АБРАХМАНОВА, ата-ана:
— Алғаш орталыққа келген кезде өз қажеттілігін жеткізе алмайтын. Қазір дүкенге барып, өзіне қажет заттарды өзі сұрап ала алады. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Осындай нәтижеге қол жеткізуімізге орталық мамандарының еңбегі зор. Баламыз ұстаздарын жақсы көреді.
Орталықта мемлекеттік субсидия аясында мүгедектігі бар балаларға қызмет тегін ұсынылады. Қазір мұнда мемлекеттік қаржыландыру есебінен 80-ге жуық бала сауықтыру сабақтарына қатысып жүр.

