Облыс орталығында “Ақ қалфақ” атты дөңгелек үстел жиыны өтті. Басқосуға татар және башқұрт әйелдері қатысты. Жиында отбасы институтын нығайту, балаларды ұлттық болмыс пен ата-баба дәстүріне тәрбиелеу, сондай-ақ әйелдердің қоғамдық, кәсіби және отбасылық өмірдегі рөлі сөз болды.
МНИРА КУСПАНОВА, СҚО «Дуслык» татар-башқұрт қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары:
— Бүгінгі кездесудің Достық үйінде өтуі ерекше мәнге ие. Бұл – бірлік пен өзара түсіністіктің, ұлтаралық татулықтың символына айналған орын. Дөңгелек үстел Қазақстан мен Татарстан әйелдерінің отбасы құндылықтарын, ұлттық дәстүрлер мен рухани мұраны сақтау жолындағы рөліне арналды. Осындай басқосулар тәжірибе алмасып, әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттырудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашады.
Кездесуге Астана, Ақтөбе, Қызылорда қалалары мен еліміздің өзге де өңірлерінен келген нәзікжандылар қатысты. Олар қоғамдық бастамаларды жүзеге асырудағы өздерінің жеке тәжірибелерімен бөлісті.
САФИЯ ИСМАҒИЛОВА, қатысушы, Ақтөбе қаласы:
— Ұлттық киім киген әйелдердің басын қосқан бұл шара халықтар арасындағы достықты нығайтып, бірлікті дәріптейді деп сенемін. Мен Ақтөбе қаласынан көркемдік жетекшіммен бірге келдім. Ұлтым – татар. Бүгін ұлттық киіммен сахнаға шығып, ұлттық ән орындаймын.
Айта кетейік, шара соңы “Қызылжар Сабантой” этномәдени фестиваліне ұласты. Оның барысында ұлттық спорт түрлері, концерттік бағдарлама және халықтық дәстүрлерді дәріптеген мәдени шаралар ұйымдастырылды.
Ұлан Ыдырыс

