БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Петропавл су торабы арқылы қатынау әзірге мүмкін емес. Яғни, шаһардың 19-шы ықшам ауданынан Заречный кентіне тура жете алмайсыздар. Бұған себеп – жөндеу жұмыстарының жүргізілуі.
Уақытша шектеу бүгін таңғы 9:00-де қойылды. Жол тастармен бөгелген және арнайы белгі қойылған. Жөндеу жұмыстарынан бейхабар жүргізушілер кері шегінуге мәжбүр.
Ағымдағы жөндеу көретін учаскеге тек арнайы техника кіргізіледі. Ал қалыпқа келтірілетін жол өте мүшкіл әрі қауіпті күйде. Ой-шұқырдың әсерінен көліктер тасбақаша қозғалғаны елге мәлім. Жоспарға өзгеріс енгізілмесе, жұмыс дүйсенбіге дейін аяқталады.
РУСЛАН ОСПАНОВ, Петропавл су торабы басшысының уақытша міндетін атқарушы:
— Жол тамыздың 3-і күні таңғы 9-да ашылады. 60 метрдей жол жөнделеді. Жұмысқа 5 млн теңгеден астам ақша бөлінді. Қатынауға ыңғайлы болу үшін 3 балама жол ұсынылады.
Петропавл су торабындағы жолдың жөнделетініне жүргізушілер риза. Олар көліктің техникалық жай-күйіне кері әсер ететін, уақытты алатын ой-шұқырдың әбден қажытқанын айтады.
Байболат Құлтанов

