Ит тұмсығы батпайтын, көрген адам мақтайтын ормандарымыз – баға жетпес байлығымыз. Табиғаттың сыйын көздің қарашығындай сақтау – әрбіріміздің борышымыз. Өкінішке қарай, бес саусақ бірдей емес. Кей кезде, әсіресе жаз мезгілінде жасыл желек жайқалған төңіректер адамның кесірінен жанып тұрады.
Жайсыз жайттарға дайын болу үшін Соколов орман шаруашылығының мамандары дайындық және алдын алу жұмыстарын қайталап тұрады. Аталған шаруашылыққа қарасты Красный Яр орманшылығының өкілдері «Серебряный бор» табиғат ескерткіші орналасқан төңірекке келді. Мұнда техниканың жай-күй тексерілді, іс-әрекет пысықталды.
ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
— Бұл жердегі 488 гектарда қылқан жапырақты орман қоры орналасқан. Орманның айналасы жылына 3 рет трактормер жыртылуы тиіс.
Тиісті көңіл бөлінбесе, от бұрқ ете түседі. Жалын қазіргідей ми қайнатар ыстықта тез тарайды. Айтпақшы, биыл өңірде әбігерге саларлық жайттар жиілеген, келтірілген залалдың да көлемі басым. Мысалы, табиғат әлеміне 4 млн теңгеден астам зиян келіпті. Тек 2 кінәлі тұлға анықталып, заң аясында іс қозғалған.
ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
— Статистикаға сүйенсек, былтыр өңірдегі орман қорында 5 өрт тіркелді. Кінәлі тұлғалар анықталмады. Ал биыл 21 өрт тіркеліп отыр.
Жыл артқан сайын өңірдегі орман шаруашылықтарының техникалық базасы жаңаруда. Бұрын орманшылар ағаш ішінде емін-еркін қатынауға мүмкіндік беретін мотоциклмен жүрмейтін. Ал қазір қауіпті учаскелерді жылдап аралап шығады, мән-жайды хабарлап отырады.
СЕРГЕЙ ШАЛУПЦЕВ, «Красный Яр» орманшылығының орманшы-инспекторы, Қызылжар ауданы:
— Орманшы-инспектор болып 6 жыл жұмыс істеймін. Биыл осындай мотоциклдермен қамтылдық. Мына орманның ішінде демалыс және балалар жазғы сауықтыру орны бар. Төңірек ерекше қорғалады. Мен әр 3 сағат сайын аумақты аралап, жағдайды хабарлап отырамын. Табиғат аясында адамдармен жиі тілдесемін. Оттың қаупі, шығу жайттары туралы айтамын.
Жалпы, қазіргі таңда өңірімізде 12 орман шаруашылығы және “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 3 филиалы бар.

