Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Жұмыс іздеген жанға – мүмкіндік, ал жұмыс берушіге – қажетті маман. Петропавлда өткен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі дәл осы мақсатты көздеді. Іс-шараға түрлі сала өкілдері қатысып, тұрғындарға өз ұйымдарындағы еңбек ету мүмкіндіктерін ұсынды.

ТАТЬЯНА АДИЛОВА, қалалық Мансап орталығы директорының міндетін атқарушы:

— Бүгін биылғы жетінші бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізіп отырмыз. Бұл жолы 30-дан астам жұмыс беруші қатысып, 800-ден астам вакансия ұсынды. Сондай-ақ, шараға жұмыссыз азаматтар, жастар және жұмысқа орналасуға ниетті барлық тұрғындар шақырылды.

Бүгінде мұндай жәрмеңкелер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мамандардың айтуынша, іс-шара барысында жастарға арналған “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы кеңінен таныстырылды. Бағдарлама соңғы 5 жыл ішінде оқу орнын тәмамдаған 25 жасқа дейінгі жастарға уақытша жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

БОГДАН ГИРИЧЕВ, қала тұрғыны:

— Мен Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжін “Бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу” мамандығы бойынша тәмамдадым. Бүгінгі жәрмеңкеге келудегі мақсатым – өз мамандығыма сәйкес жұмыс табу. Осында ұсынылған мекемелердің бірінен өзіме лайықты қызмет орнын табамын деп үміттенемін.

Жәрмеңкеде ұсынылған бос орындар түрлі саланы қамтиды. Оның ішінде құқық, медицина, білім беру бағыты басым. Келушілер жұмыс берушілермен тікелей тілдесіп, еңбек шарттары мен жалақы туралы ақпарат алды.

НҰРХАН ТҰЯҚОВ, қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

— Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде екі санат бойынша бос жұмыс орындары бар. Олар – өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі және өрт сөндіруші-құтқарушы. Өрт сөндіруші-құтқарушы лауазымына – 19, ал жүргізуші қызметіне 11 вакансия ұсынылып отыр. Жұмыскерлерге қойылатын негізгі талаптар – орта білімнің болуы, жасы 35-тен аспауы керек және ер азаматтарда әскери билет болуы қажет.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, өңірдегі халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.