Ел тарихындағы маңызды оқиға – Құрылтай сайлауына тура 26 күн қалды. Айтулы шара қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысында саяси науқанның өту барысын бақылайтын топ жасақталып жатыр. Әзірге тізім қоғамдық іске жақын 530 адамнан тұрады. Алдағы уақытта қатар толығуы да мүмкін.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясы СҚОФ төрағасы:
— Бақылау ісіне бүгіннен бастап кірісіп кеттік. Қазір облыс бойынша бақылаушыларды жинақтап жатырмыз. Облыста 530 сайлау учаскесі жұмыс істемек. Соның барлығында бақылаушы болады.
Бақылаушы болу – жауапты іс. Таңдалған азамат таң атқаннан кеш батқанға дейін сайлау процесін қадағалайды. Айта кету қажет, жұмысы үшін ақы алмайды.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясы СҚОФ төрағасы:
— Біз ниетті адамдарды тартып жатырмыз. Бақылаушыларға ақша төленбейді. Бақылаушыларды демеушілердің ақшасына қаламмен, блокнотпен қамтимыз. Жол ақысын, түскі асының ақшасын өтейміз.
Алдағы уақытта өңірімізде Құрылтай бақылаушылары үшін семинарлар өткізілмек. Басқосуларда саяси науқанды қадағалаушы адамдарға қойылатын мақсат-міндеттер түсіндіріледі, бұзушылық орын алған жағдайдағы іс-әрекет айтылады. Тиісті талаптардың бірсыпырасын филиал төрағасы Жанат Мұхамеджанов айтып өтті.
Байболат Құлтанов

