Kurultai banner mobile

СҚО әкімдігі

Мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа тәртібі

Биыл мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа цифрлық тәртібі қолданысқа енгізілді. Іріктеу үрдісі “E-qyzmet” ашық порталы арқылы онлайн форматта жүзеге асырылады. Жүйе үміткерлердің барлық кезеңдердегі нәтижелерін автоматты түрде есептейді. Ең жоғары балл жинаған алғашқы бес үміткер конкурсқа өтеді.

Жаңа жүйенің тиімділігін пайдаланған мамандардың бірі – Мария Плохотнюк.
Возвышен ауылдық округі әкімдігінде шартты негізде еңбек етіп жүрген нәзікжанды қызмет бағытын өзгертуді жөн көреді. Содан “E-qyzmet” сайтына тіркеледі, онлайн тест тапсырады. Қазіргі басты міндеті – халықпен жұмыс.

МАРИЯ ПЛОХОТНЮК, М.Жұмабаев ауданы Возвышен ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы:

— Менің қызметтік міндеттеріме халықтың статистикалық есебін жүргізу, салық түсімдерін есепке алу, тұрғындарды салық төлемдері мен қарыздары туралы хабардар ету, сондай-ақ тұрғылықты мекенжайы мен отбасы құрамы жайында анықтамалар беру кіреді. Сонымен қатар, егіс науқаны, шөп шабу және егін орағы сияқты ауыл шаруашылығы жұмыстарының есебін жүргіземіз. Бұдан бөлек, ауылдық округтегі абаттандыру, көгалдандыру және өзге де қоғамдық жұмыстарды атқаруға қатысамыз.

Жаңа жүйенің тиімділігін Әйгерім Жақыпова да растап отыр. С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің түлегі – бүгінде мемлекеттік астық инспекциясы бөлімінің бас маманы.

ӘЙГЕРІМ ЖАҚЫПОВА, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы мемлекеттік астық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

— Конкурс толық онлайн форматта өтті, бұл жағынан ыңғайлы болды. Барлығы – 3 кезеңнен өттім. Менің жұмыстағы негізгі міндеттерім – астық қабылдау кәсіпорындарының қызметіне мемлекеттік бақылау жүргізу, астық нарығына мониторинг жасау, азаматтардың өтініштерін қарау, сондай-ақ, астық нарығындағы қойма қызметін лицензиялауға қатысты мәселелерді қарастыру. Бұдан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты материалдарды қараймын.

Мемлекеттік қызмет істері саласы мамандарының айтуынша, жаңартылған іріктеу тәртібі мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Аружан Сұлтанова