БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Ұлттық мұрамызды жаңғыртамыз десек, ұлттық спортты ұмыт қалдырмау керек. Оның ішінде садақ ату бар. Кезінде біздің ата-бабамыз ұлан-ғайыр атырапты осы 5 қарудың бірімен қорғады, ұрпаққа аманат етті. Бүгін Петропавлда Абылайханның мерейтойына орай садақ атудан облыстық турнир өткелі отыр. Қазір сайысты бірге бағалайтын боламыз.
Дәстүрлі садақ атудан ұйымдастырылған бұл жолғы облыстық турнирдің мән-маңызы ерекше. «Ұлы дала мергендері» атауы берілген бәсеке қазақ халқының ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы Абылай ханның 315 жылдығына арналған. Жарыста петропавлдық және тайыншалық ұл-қыздар бақ сынайды. Қатысушының жалпы саны 30-дан асып жығылады.
ЖАСҰЛАН ҒАББАСОВ, СҚО дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті:
— Бүгін қалқан нысанасын қойдық. Бұл қазақ нысанасы болып саналады. Турнир 5 айналымнан тұрады. Жалпы 25 оқ атылып, ең көп ұпай жинаған бала чемпион атанады.
Садақты белінен ұстап, кірісін артқа созған ұл-қыздардың шеберлігі көз сүйсіндіреді. Сайысқа қатысушылар ұлттық спортқа икемделіп алыпты. Бағаттаған жебелерінің басым бөлігі нысанаға қатар-қатар тиіп жатты.
БАТЫРХАН МҰРАТБЕК, турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:
— Мен садақ атумен 3 жыл айналысамын. Бұл спорт өте ұнайды. Осында жаңа достар таптым.
Ұлттық спорт түрі Тайынша ауданында дамып келе жатқаны қуантады. Аудан орталығынан және Теңдік ауылынан келген садақшылар петропавлдық өрендерге лайықты қарсылық танытты. Қолдарына ұстаған садақтары арзан тұрмайды. Баланың бойындағы қызығушылықты көріп ата-аналары алып берген екен.
МЕРЕЙІМ ТҰРЛЫБАЕВА, турнирге қатысушы, Тайынша ауданы:
— 2 жыл садақ атып келе жатырмын. 3 жаттықтырушы бар. 30-дан аса бала жаттығады. Садақты өзіміз аламыз. Мысалы, маған ата-анам 70 мың теңгеге алып берді.
Азды-көп шығынды талап ететін спорттың бұл түрі балаға аса пайдалы. Мергендік қабілет шыңдалады. Тағы ұл-қыздардың бойында ұстамдылық қасиеті қалыптасады.
ЖАСҰЛАН ҒАББАСОВ, СҚО дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті:
— Садақ атқан бала психологиялық тұрғыда тұрақты болады. Ойлау қабілеті жақсарады. Бойы, белі түзу болады. Бір нәрсе істесе қарап, зерттеп барып қана істейді.
Турнирде тарихшылар да бой көрсетті. «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің бөлімі меңгерушісі Бауыржан Жүнісов халқымыз үшін садақтың маңызын түсіндіріп берді.
БАУЫРЖАН ЖҮНІСОВ, «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің бөлімі меңгерушісі:
— Александр Македонский Үндістан жаққа баруды көздеген. Бірақ, Әмудария мен Сырдариядан өте алмаған. Біздің ата-бабаларымыз – сақтар садақпен атып, әскерді жібермеген.
Абылай ханның 315 жылдығына арналған сайыс үздіктері түс ауа анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатқа ие болды.
Флаги блока:
Байболат Құлтанов

